• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Партия мүшелерінің қатары толықты

370 рет
көрсетілді

«Бірлік» саяси партиясының республикалық сайлауалды штабында партияға жаңа мүшелерді қабылдаудың салтанатты рәсімі өтті. Шараға Болат Байқадамов, Мұ­рат Раев, Роза Қуанышбаева, Төлеген Қуанышев, Мұ­рат Қо­жамқұ­лов секілді Парламент Мәжілісінің депутат­ты­ғы­нан үміт­кер­лер мен партияның өзге де өкілдері мен жастар қатысты. Партия төрағасының орынбасары Б.Байқадамов өз сөзінде Астанада ақпан айында партия қатарына өту жөнінде 5 өтініш түсіп, олардың барлығы құпталған. «Бірлік» құрамына өткісі келген ерікті азаматтардың жасы 30 бен 65 аралығында екен. Олардың әрқайсысы салтанатты түрде партиялық билетке ие болды. Партияның жаңа мүшелері «Таза ниет! Адал қызмет! Таза орта!» атты ұранды қолдайтындарын, осы идеяны жүзеге асыруға өздерінің бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын жеткізді. Мәселен, Ағыбай Халет деген азаматтың айтуынша, «Бірліктің» сайлауалды бағдарламасымен танысқаннан кейін оның партия қатарына қосылуға деген ынта-ниеті оянған екен. «Бірліктің» біздің елімізді әлеуметтік, мәдени, экономикалық жағынан жаңа сапалық деңгейге көтеруге деген құлшынысы ғана емес, болашақ ұрпаққа экологиясы таза жерді қалдыруға деген ұмтылысы да қызықтырды», – дейді А. Халет. Ал партияның Ақмола өңіріндегі филиалының төрағасы, депутаттыққа кандидат М.Қожамқұлов қазіргі таңда партия алдында тұрған басты міндет – сайлауалды бағдарламаны толықтай жүзеге асыру, себебі, бұл бағдарлама қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанына тоқталды. «Сондықтан, бұл бағдарламаның отандастар тарапынан қолдау табуы ғана емес, партияның тыныс-тіршілігіне белсенді түрде араласу да маңызды», – деді ол. «Бірлік» партиясының қатарына жаңа мүшелерді қабылдау үдерісі тек елордада ғана жүрген жоқ. Яғни, партия құрамы еліміздің басқа да өңірлеріндегі азаматтармен толығып, ондаған азамат партия қатарына қосылды, оларға да жаңа партиялық билеттер табысталды. Сондай-ақ, партия мүшелері үгіт-насихат жұмыстары аясында «Бірлік» – әр үйге» акциясын өткізді. Шара барысында «Бірлік» партиясының өкілдері бірнеше үйге барып, сайлауалды бағдарламаны түсіндірді, азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Партия мүшесі Р.Қуанышбаева «Бірліктің», әсіресе, отбасы институтына айрықша мән беретінін, себебі, ол мықты мемлекет пен қоғамның қалыптасуына негіз болатынын жеткізді. «Біздің сайлауалды бағдарламамызда Қазақстан халқының ұлттық салт-дәстүрін және құндылықтарын сақтау міндеті тұр», – деді ол. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Астана.