Осы айдың 15 жұлдызынан бастап «Жезқазған – Сексеуіл – Қызылорда» теміржол желісінде жолаушылар пойызы жүре бастайды. Пойыз Жезқазған – Қарсақбай – Байқоңыр – Көктал – Қоскөл – Қарашеген – Абай – Сексеуілді басып өтіп, әрі қарай Арал – Қазалы арқылы Қызылордаға дейін қатынайтын болады.
Жалпы 40-тан астам елді мекендерді қамтитын бұл бағыт «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік маңызды жоба болып табылады. «Бұған дейін біздің тұрғындар еліміздің оңтүстігіне бару үшін Қарағанды арқылы қатынап, көп уақыты мен қаржысын шығындайтын. Енді төте жол салынып, халық жол азабын тартпайтын болды. Бұған қоса, жаңа жол аймаққа тың серпін береді деп сенеміз», дейді Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов.
Пойыз Жезқазғаннан 19 сағат 12 минутта шығып, Қызылордаға келесі күні 19 сағат 53 минутта келеді.
«Егемен-ақпарат».