Ұлы Отан соғысы кезінде жаралы жауынгерлерге деп 100 литр қан тапсырған Лидия Клименко Өскеменде тұрады.
Шығыс өңірінде «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қазақы қалып, игі дәстүр жақсы сақталған. Биыл 8 наурыз мерекесі қарсаңында кешегі қасап майданда қанымен де, жанымен де ел мен жерді қорғауға үлес қосқан қайсар әйелдер де назардан тыс қалған жоқ. Өскемен қаласының тұрғыны Лидия Клименко қатары сиреп қалған сондай санаулы қариялардың бірі. Ұлы Отан соғысының ардагері, 1-ші Украин майданындағы эвакуациялық госпитальде операция және гипс техникасы бойынша аға медбике болып қызмет еткен Лидия Павловнаны Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов мерекемен құттықтады. Батыр әже соғыс жылдарында госпитальге жеткізілген жаралы жауынгерлер мен тұрғындарды ажалдан арашалап қалу үшін 100 литрден астам қан тапсырған екен.
– Сіз майданда қару ұстаған жауынгерлерден кем ерлік көрсеткен жоқсыз. Жаралыларға көмектесіп, оларды емдедіңіз. Донор ретінде 100 литрден астам қан тапсырғаныңызды білеміз. Осылайша, Жеңіс жолында жаралы болған көптеген отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіздің өміріңіз жастарымызды ерлікке, отаншылдыққа баулиды, – деді қала басшысы зейнеткермен әңгіме барысында.
Айта кетелік, Лидия әжей соғыстағы ерліктері үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен, көптеген мерейтойлық медальдармен және «КСРО-ның құрметті доноры» атағымен марапатталған.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.