• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

«Ғалымдар үйі» пайдалануға берілді

355 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамына арналған 26 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Еліміздің өзге өңірлерінен қызметке алынған ғылыми атағы мен үлкен кәсіби тәжірибесі бар профессорлар мен оқытушыларды тұрғын-жаймен қамтамасыз ету үшін КМУ облыс әкімінің қолдауымен, Сәтбаев көшесіндегі әкімшілік ғимаратының құры­лысын қайта жүргізген болатын. Жұмыс небәрі бес айда аяқталып, жайлы қонысқа айналды. Көп қабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілуі оқу орнының ғылыми әлеуетін жақсартып, мамандар даярлаудың сапасын арттыратыны анық. «Ғалымдар үйі» құрылысының жобалау-сметалық құжаттары мен күрделі жөндеу жұмыстары университет қаржысымен атқарылды. Жаңа ғимарат инженерлік коммуникациямен және ас бөлмесі жиҺаздарымен толық қамтылған. – Қазіргі күні қалада 45 пәтерлік бес үй дайындалуда. Мұнда бюд­жеттік сала қызметкерлері, сондай-ақ, мұғалімдер, дәрігерлер, жас мамандар қоныстанатын болады. Бұған қоса, жыл сайын мұқтаж балалар мен балалар үйлерінің түлектеріне 45-50 пәтер бөлу жөнінде шешім қабылданды. Соңғы 6-7 жылда бұл топтың өкілдеріне небәрі 170 пәтер берілді. Ал кезекте 1700 адам тұр. Сон­дықтан, бұл өзекті мәселені шешу үнемі назарда ұсталатын болады. Бұл орайда Көкшетау мемлекеттік университетінің билікпен өзара әріптестік қадамдары ризашылыққа бөлейді. Мұндай бастамалар жан-жақты қолдау табуы тиіс, – деді өңір басшысы өз сөзінде. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.