– Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына тарту
А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына орай, ғалымның электронды библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесері өтті. Аталған шараға жоғары және арнайы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, кітапханашылар, мәдениет саласының қызметкерлері және әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.
Жарты ғасырға жуық шырқалған Қазақ КСР-інің және Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің тұңғыш Әнұранының авторларының бірі Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен қамтыған библиографиялық көрсеткіштің құндылығы жоғары. Бұған дейін Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қызметкерлері ғалымның алғашқы библиографиялық көрсеткішін шығарған болатын. Семейлік кітапханашылар бастаған библиографиялық жұмысты толықтырып, заманауи интернет тіліне түсірген А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымы болып отыр. Сондықтан, электронды библиографияны Шығыс өңіріндегі екі ірі кітапхананың бірлескен жобасы деуге болады. Сондай-ақ, жақында Семейдегі кітапханада ғалым мерейтойына арналған «Адам. Қайраткер. Тұлға» атты көрме ұйымдастырылса, өскемендік кітапханашылар тұсаукесер аясында «Қайым әлемі» атты көрме өткізді. Осы көрмелерде ұсынылған кітаптар мен жарияланымдардың барлығы электронды көрсеткіште бар.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, ғалымның электронды библиографиясымен http://kray.pushkinlibrary.kz сайты арқылы танысып, пайдалануға болады. Онда ғалым еңбектерінің электронды каталогы түзіліп, деректер хронологиялық тәртіппен ұсынылған. 1937 жылы 20 жасында облыстық «Екпінді» газетінде жарияланған алғашқы өлең-жырларынан бастап, барлық ғылыми жинақтары мен туындылары, ғалым жайлы естеліктер мен зерттеулер, деректер, тіпті жақында Алматыдан жарық көріп, оқырман қолына әлі тие қоймаған «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» атты эпистолярлық жинақ жөнінде де біле аласыз. Көрсеткіште 47 кітап, 600-ден астам мақала, ғалым туралы 500-ден астам жарияланым дерегі топтастырылған.
Уфалық ғалым Роза Гафаровна Қайым Мұхамедхановтың патшалық Ресей кезіндегі мұсылмандар арасынан шыққан атақты баспагер Ильяс Бораганскийдің тарихи есімі мен еңбегін оралтуға сіңірген қызметі жөнінде тұщымды деректер айтса, Тұрсын Жұртбай Қайым Мұхамедхановтың 10 томдық шығармалар жинағын шығаруға бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен сол кездегі министрдің орынбасары Әлібек Асқаровтың ұйытқы болып, қолдау көрсеткенін, қолжазбаларды жинақтап, түсінігін жазған шәкірті Ербол Іргебаевтың еңбегі ерекше екенін атап өтті. Абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Семей қаласындағы Абай мұражайының ашылуына түрткі болған ақын, жазушы, драматург, ғалым Қайым Мұхамедханов – өмір жолының бұралаңы мол, тағдыркешті қаламгер. Мұхтар Әуезовтің сенім артқан шәкірті ретінде сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде заңғар жазушыны тұқырту үшін жас Қайымның да қудалаудың ащы дәмін татуына тура келді. Сондықтан, кеш барысында жастардың ғалымның сүргінге толы сұрапыл жылдары абақтыда жазған жырларын оқуы да әсерлі болды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.