Нұргүл Мақанова тігіншілікті осылай мақтан тұтады
Тұрмысқа шыққалы жүрген бойжеткен Нұргүл Мақановадай шебер тігіншіні құрбыларынан естіпті. Бойжеткеннің қалаған жігіті дін жолындағы азамат екен, қалыңдығының дүкендегі иығы, арқасы ашық тұратын ақ көйлек кигенін ұната қоймапты. Сондықтан қалыңдық та – сәнділігі тұрмысқа шыққан құрбылары киген сол ақ көйлектерден кем түспейтін әрі дизайны сол көйлектерден алыс та кетпейтін, бірақ, болашақ күйеуі ескерткендей, ашық-шашық болмайтын көйлек іздепті. Көңіліндегі ондай көйлекті дүкендерден таба алмаған. Сондықтан, соңғы үмітін үзбей Нұргүлге келеді. Екеуі той көйлегінің нобайын ұзақ отырып жасады. Жиырма жылдан аса тігіншілік тәжірибесінде оған мұндай сұраныс түспеген екен. Әйтпесе, талай қызға той көйлегін тігіп жүр. Нұргүл қалыңдықтың көйлегін ұлттық нақышты, еуропалық стильдегі элементтерді араластыра отырып, көйлек нобайының бірнеше үлгілерінің суретін салды. Нәтижесінде мойыны да, төсі де, арқасы да жабық, бірақ қалыңдыққа құйылып жарасқан, оны аққудай нәзік, тал-шыбықтай сымбатты етіп көрсеткен көйлек дайын болды. Бойжеткен мен болашақ күйеу бала Нұргүлге ақысын төлеп тұрып, алғысын айтты.
– Дінді – имандылықтың, адамгершіліктің қайнар бұлағы деп білеміз. Бірақ қыздардың, тіпті, тұмшаланып киініп алатыны дұрыс емес. Жастыққа тән сұлулықты неге жасыруымыз керек? Қазақ қыздарының сұлулығын ұлттық киіміміз одан сайын айшықтап тұрған ғой. Мен қалыңдыққа киім тіккенде қазақтың ұлттық киімінің жеке үлгілерін аламын, оны бүгінгі киім стилімен үйлестіремін. Бұл менің тапсырыс берушілеріме ұнайды, – дейді Нұргүл. Ол дизайнер емес, өзінің нәпақасын айырып жүрген қарапайым кәсіби тігінші ғана. Дегенмен, Нұргүлдің ойынша, әр тігінші өзінше дизайнер. Сұраныс жасап келген әр адамның талғамы, дене бітімі, әкелген матасы да түрлі-түрлі. Сондықтан, тігіншінің әр күнгі еңбегі кішігірім шығармашылық тәрізді.
Анасы Сәуле қаладағы құрылыс-жобалау институтында істейтін жоғары білімді маман болатын. Нарық қыспағы қысқан жылдары жобалау институттарында мамандар шетінен қысқартылды, көптеген бөлімдері жабылып, Сәуле жұмыссыз қалды. Бірақ не нәрсеге де көнтерлі, төзіммен қарайтын анасы сасқан жоқ, үйде тігінін тігіп отыра берді. Ол кезде Нұргүл мектепте оқитын. Еңбек сабағында ас пісіру, үйді күту, тігін тігу секілді қыздардың болашағына қажет іс үйретілетін. Ұстазы үйреткен істі Нұргүл үйге келіп, анасының қасында отырып жалғастырып жасайтын.
– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мен өзіме көйлек тіге бастадым. Одан анам ешқандай қате таппайтын. Мектеп бітірген соң Қостанай қаласындағы №10 техникалық училищеге барып, екі жыл оқыдым. Сонда ұстаздар менің шебер тігетініме риза болып, маған сабаққа еркін қатысуыма рұқсат берді. Емтиханды да көңілдегідей тапсырдым, – дейді Нұргүл. Ол мектепті бітірісімен-ақ анасымен бірге кәсіби тігінші ретінде танылды. Дүкеннен көңіліндегісін көре алмаған қыз-келіншектердің, әжелердің барлығы да Нұргүлге келетін. Бұл үрдіс әлі күнге дейін үзілген жоқ.
Қазір Нұргүл Мақанова Қостанай қаласындағы перде, жапқыштар тігетін ательеде тігінші болып істейді. Мұнда да тұрғындардан түрлі сұраныстар түсіп жатады. Адамдардың талғамынан шығу үшін және олардың сұранысына орай перделердің неше түрін тігеді. Олардың бөлмеге жарасымын іздеу де бір тылсым дүние. Нұргүлдің ойынша, перде де қыздардың сәнді көйлегі секілді, олар үйдегі жиһаздармен, дүние-мүлікпен үйлесім табуы тиіс. Бұл тұрғыда келген кісілердің қателеспеуі, талғамынан шығуы үшін өздерімен отырып, асықпай кеңеседі.
– Тігіншілік кәсіп дегеніңіз жартылай өнер ғой. Адамның бойында аталған кәсіпке деген ынтызарлық болмаса, бұл мамандық екінің бірін асау аттай аударып татайды. Осы мамандығым арқылы адамдарға көмегім тиіп жүреді, өзімнің нанымды да тауып келемін. Бұл әйел затына Алланың берген бір кәсібі деп білемін, – деді қоштасарда Нұргүл. Иә, оның қолынан шыққан көйлегін тоздырған қостанайлықтардың барлығы да оған сый-құрметпен қарайды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.