Орданың тұрған жері – құм арасы,
Ұштасқан құм мен қырдың құламасы.
Сорайып тас үйлерден бөлек шығып,
Көрінген Ахун мешіт мұнарасы.
Нарында туып, оның қасиетті құмына табан қыздырып, жуасын теріп, желкегін қазып, құмаршығын қағып, жидесін жинап, аптапты ауасын жұтып, зәулім қарағайының көлеңкесінде ұшы-қиырсыз қиялға беріліп өскен ұрпақтың өкілі ретінде бойымызға ерте орныққан бір әдет бар: құм сапырған құйынды дауылы күй болып күңіреніп, тал-шілігі алыс қалған ата-баба сарынымен сыңситын осы бір киелі өлкенің қай жерінің болсын атын естігенде, еріксіз елеңдеп тұрамыз: Жасқұс, Тайсойған, Таубұйрат, Жетібай, Үштаған, Мешітқұм, Жиекқұм, Толыбай-Теректі...
Осы күмбірлі жер-су атауларының қатарында Азғырдың атын да ерте естідік, естідік те жадымызда сақтап қалдық. Ол уақытта, М.Горькийдің есімімен аталатын Орданың орта мектебінде оқып жүрген кезде, интернаттың қара нанын бөлісіп жеген бала достардың арасында Азғыр ауылының «қара табандары» да аз болмайтын. Біріміз – саналы түрде, енді біріміз – туған ауыл болған соң, әйтеуір, Нарын атын айрықша қастерлеуші ек. Туған жерге деген перзенттік сүйіспендіктің алғашқы, көмескі көрінісі болар, шамасы. Бір ғана біз емес, сонау қилы да қияпат заманда күңіреніп өткен Махамбет бабамыздан бастап, бұл өлкенің талай-талай дарынды ұлдары Нарынға деген шынайы махаббат сезімін айрықша ардақтап өткен ғой.
Қайран Нарын!
Көрдің бе Орал қырларын
Жері қандай жап-жазық.
Бір жағында – құм Нарын,
Бір жағында – Ақ Жайық.
Немесе:
Отырсам да, тұрсам да,
Ойымдасың, Жасқұсым.
Өзгеге жаман болсаң да,
Өзіме тіпті жақсысың, –
деп Тайыр ақын Жароков бекер жыр төкті деймісің. Нарынның күні кешегі дарынды перзенттері – Құрманғазы бабасының бебеулеген күйлерін жыр тілімен сөйлеткен марқұм Хамит Ерғалиевтен бастап, шыңыраудан су тартқандай жүрек тереңінен ой тартқан философ-ақын Жұмекен Нәжімеденовпен, бұдан әрі Жанғали Нәбиуллинге дейін жалғасып жатқан жыр-сүрлеуде Нарын жайында қаншама сөз маржандары шашылып жатыр!
Хан Ордасынан қатпар-қатпар құм-шағылдар арқылы туралай тартқан жолаушыға Азғырға дейінгі аралық бас-аяғы алпыс-жетпіс шақырымның о жақ, бұ жағы болуы керек. Тап бір қашық та жер емес. Оның үстіне Азғыр өңірі, ондағы бір кездері шаруасы шалқыған «Балқұдық» және «Сүйіндік» деп аталатын екі бірдей кеңшар – елуінші жылдары Орда ауданы таратылып, елі басқа аймақтарға көшірілгенде сол кездегі Гурьев облысының әкімшілік қарамағына өткен ежелгі Орда жері. Түстігі – Каспийге құлайтын құмдасын сілем, батысы – Басқұншақ тұзды көлі, терістігі мен шығысы – тұтасып жатқан ұлан-ғайыр Нарын құмы. Былайша айтқанда, Азғыр Нарын сілемінің арғы бетінде де, Хан Ордасы – бергі бетінде.
Тағы да сол Тайыр ақын жырлағандай:
Орданың тұрған жері –
құм арасы,
Ұштасқан құм мен
қырдың құламасы.
Сорайып тас үйлерден
бөлек шығып,
Көрінген Ахун мешіт мұнарасы.
Бұрындары Хан Ордасымен арадағы қасқа жолдың шаңы басылмайтын қарым-қатынаста болған бұл аймақ, әкімшілік бағынысы өзгергеннен кейін, біраз алшақтап кеткен жайы бар-ды. Десе де, Орданың әр тумасы Азғыр атына барынша қанық. Бұл аймақ қазақтың соңғы ханы Жәңгірдің тұсында Бөкей Ордасының бір шалғайы болған, құмдарында Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Дина мен Сейтектің, Исатай мен Махамбеттің ізі қалған қасиетті де шежірелі жер. Атақты ас тұзымен де аты шыққан өлке. Бір кездері бүкіл одақтың қажетін өтеп тұрған Басқұншақ, Елтон өндірістерін былай қойғанда, Азғыр тұзы мен Батырбек тұзының сапасы мен тағамдық қасиеті жайлы аңыз ел ішінде ертеден айтылатын.
– Шіркін, тұз деп Азғыр тұзын айтсайшы, мөлдірлігі сондай, бір кесегін көзіңе тосып қарасаң, арғы жағындағы дүние ап-анық көрініп тұратын мінсіз шыныдай ғой, жалт-жұлт еткен асыл тас секілді ғой, – деп отырар еді қариялар.
Осы Азғыр мен Хан Ордасының ортасына елуінші жылдардың басында Капустин Яр әскери полигоны сыналап кірді. Сыналап кірді де, елі ен жайлаған құйқалы шағылдарын қаңыратып бос қалдырып, сүттей ұйып тыныш жатқан халықты үдере көшуге мәжбүр етті.
Капустин Яр – Мәскеуден Астрахань асатын Еділдің сол жағалық теміржол табанының батысында, Ресейдің қазіргі Волгоград облысының аумағында орналасқан қала, әскери бөлімнің кіндік жұрты. Оған қоса, Кеңес Одағының тұңғыш ғарыш айлағы. Зымыран жасаушы атақты конструктор С.П.Королевтің тәжірибелік полигоны. Ол, тіпті, атағы алысқа кеткен Байқоңырдан да, қала берді, Сібірдің нулы тайгасындағы Плесецкіден де бұрын дүниеге келді. Ғарышқа адам ұшардың алдындағы барлық сынақ ұшырулары осында өтті. Алғашқы құрлықаралық зымырандар да осы өңірден старт алып отырды.
Елуінші жылдардың басында осында отау тіккен Бүкілодақтық ұшу сынақтары ғылыми-зерттеу институтының бірден-бір полигоны болған Нарынның ұлан-ғайыр құмды шағылдары осылайша әскери мақсаттағы сынақтарға қызмет ете бастады. Айтқандайын, еліміздің сол кездегі талай-талай «Алтын жұлдызды» сынақшы ұшқыштары әскери ұшақтардың әлденеше үлгісін Нарынның көксеңгір аспанына көтеріп, ең алғаш нақ осы полигонда сынақтан өткізгені, кеңестік алғашқы зымырандар да осы полигоннан ұшырылғаны қазір көпке белгілі. Тұңғыш қазақ ғарышкері, сол кездің өзінде аты аңызға айналған сынақшы-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров те өзінің зеңгір көк аспандағы жеңісті жолын осы қасиетті Нарын аспанында бастап, шеберлігін осында шыңдаған деседі.
Осындайда ойға қаласың. Қайран Нарын қазақ тарихының талай түйіндері тоқайласқан киелі өңір ғой. Кешегі Кеңес өкіметінің күркіреп тұрған шағында адамзат дамуының айрықша бір белесі болған атом және сутекті қарулардың сынақ полигоны болу, басқаға емес, сол Нарынның қасиетті топырағына бұйыруын қарашы!
Тұңғыш сутекті бомбаның «атасы» саналатын аты әлемге мәшһұр ғалым, іргелі ядролық физиканың аса көрнекті өкілі, бірнеше дүркін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған академик Андрей Сахаровтың есімі бір кездері құпия болғанымен, қазір көпшіліктің аузында. Сол А.Сахаров бастаған «ядерщиктер» өздерінің ғылыми және тәжірибелік зерттеулерін сол кездегі Горький облысының аумағында (қазіргі Ресейдің Нижегород облысы), жұрт аяғы жете бермейтін елеусіз, орманды қолтықта орналасқан, тек әскерилер мен тәжірибе жүргізуші ғалымдар ғана білетін Арзамас-16 деген бүркеншек аты бар жабық әскери қалада жүргізген.
Азғыр сол Арзамас-16-ның далалық сынақ полигоны болатын. Зертхана цехтарында жетістірілген «бұйымдарын» (бомба жасаушылар өз еңбектерінің жемісін орысша «изделие» деп атаған ғой) далалық полигон жағдайында сынақтан өткізу үшін жаңағы Арзамас-16-ның далалық сыңары болып есептелетін Азғырға әкеліп, жерастында жарғанын және де осындай қауіпті жарылыстар бір емес, екі емес, жиырмаға тарта рет өткізілгенін сексенінші жылдардың аяғына қарай өрістеген жариялылық кезеңінде, осы оқиғалардың ізіне түсіп, індетіп жүрген азаматтар әлденеше дүркін жария етпей де қалмады.
Сол азаматтардың бірі – азғырлық жергілікті мұғалімнің Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновтің шақыруымен Оралға келгені бар. Үлкенді-кішілі кездесулер өткізді. Жергілікті баспасөзде мақалалар жариялап, облыстық теледидар мен радио арқылы сөз сөйлеп, Азғырдың ащы шындығын жұртшылыққа жеткізді. Нарын құмының жерін әскери мақсаттардағы сынақ алаңына беру жөніндегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1951 жылы атышулы қаулысының көшірмесінен бастап, Азғыр полигонында өткізілген жерасты жарылыстарының жай-жапсарын дәйектейтін толып жатқан нақты құжаттары, әртүрлі кестелері мен диаграммалары қоржынында қобырап жүретін жігіт халық депутаттарының Батыс Қазақстан облыстық кеңесіне келіп, депутаттардың алдында үш сағат орысша-қазақша салиқалы сөз сөйлегені есімде.
Анығында, Азғырдың ащы зарына сол жылы анық көз жеткізе түскендей болғанбыз. Сол әсермен әскери сынақтардан зардап шеккен жергілікті тұрғындардың жанайқайын Жоғарғы Кеңеске жеткізу үшін Оралдан – Нарынның қасіретін, Атыраудан – Азғырдың зарын айтып, әр жерден айқайламай, тізе қосып, күш біріктіріп қимылдамаққа сөз байласқанымыз бар.
Өйткені, Азғыр мәселесі – жалпы Нарын проблемасының ажырамас бір бөлігі еді. Ежелгі тұрғындары Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тоз-тоз болып қоныс аударып кеткен, қасиетті топырағы мен құнарлы алқабы артық-кемі жоқ қырық жыл бойы әскери сынақтардың ала топалаңына аяусыз ұшыраған Нарын өңірінің өзекті әлеуметтік мәселелері қайта құру деп аталған кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында өткір қойыла бастаған-ды. Орда және Жаңақала аудандарының жергілікті халқы мен бүкіл облыстың зиялы қауым өкілдерінің бастама көтеруі нәтижесінде қоғамдық «Нарын» қозғалысы құрылып, бұрын құпия болып келген көп түйткілдерге халықтың көзі ашыла бастады.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Капустин Ярға жаңа басшы келді. Елдегі саяси ахуалдың өзгере бастағанының әсері болу керек, Қиыр Шығыстан ауысып келген жас генерал-авиатор, өзінің алдындағы басшылардай емес, жергілікті елдің талап-тілектеріне жаңаша қарады. Қызметіне кіріскен бойда полигонға қарсылық қозғалысы өршіп тұрған Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарының басшыларымен кездесіп, қордаланып қалған мәселелер болса, қолынан келгенше оларды бірлесіп шешуге ниетті екенін білдірді. Сондай бір кездесу Нарынның Ұялы құмында өтті. Ұялы құмының шетінде Т.Масин атындағы кеңшардың орталығы орналасқан ауылға әскерилер екі тікұшақпен ұшып келді.
Әрине, полигонды жауып, жергілікті тұрғындарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру жас генералдың пәрменіне бой бермейтін қиын мәселелер болатын. Дегенмен, ол кісінің Нарын өңірінің тұрғындарына қолынан келгенше көмектескенін көрдік. Мысалы, осы пәтуаласудың нәтижесінде полигон басшылығы сол кездегі көрші екі облыстың басшылары- Нәжімиден Есқалиев пен Ғазиз Алдамжаровтың өтініші бойынша, жазғы жемшөп дайындау науқаны кезінде әскери сынақтар аумағындағы құмды шағылдардың құйқалы шабындықтарын жергілікті кеңшарлардың пішенші бригадаларына уақытша босатып беріп тұрды. Полигон төңірегіндегі ауылдарға осы заманғы байланыс құралдарын орнатуға жәрдемдесіп, теледидар хабарларынан қағажу қалып отырған елді мекендерге қуатты антеналар құрысты. Орталықтан шалғай ауылдарда оқыстан біреу-міреу ауыра қалса, дереу тікұшақпен алдырып, өздерінің әскери госпиталінде емдетіп жүрді. Жол талғамайтын қуатты әскери тягачтар қыстың көзі қырауда күртік қарды бұзып-жарып, жергілікті малшыларға жол аршыды. Әскери полигонның басшыларымен қоян-қолтық араласып, тіл табысып, олардан көмек алу орайында сол кездегі М.Мәметова атындағы кеңшардың аты көпке танымал директоры Мұрат Нәсимуллин мен Орда кеңшарының сол кездегі директоры, кейін осы ауданды басқарған Тауасих Мырзағалиевтің ұйымдастырушылық қабілеті арқасында көп шаруа тындырылды.
Мұның бәрі, әрине, жалпы сипат ала бастаған халық наразылығының бетін қайтару үшін жасалған болмашы әрі алдамшы әрекеттер болатын. Мұндай азын-аулақ көмекті Азғыр тұрғындарының көргеніне де күмәніміз жоқ. Бұл енді, керек десеңіз, әскери-өнеркәсіп кешенінің осы өлкені көп жылдар бойы аяусыз таптағанын, халқын қасіретке ұшыратқанын ақи-тақи мойындап, сол үшін өзінше бір кешірім сұрағаны іспетті-ді.
Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейін Нарынды экологиялық апат аймағына теңестіру туралы мәселе қанша рет көтерілді. Нарынға Алматыдан, Астанадан қанша комиссия барып қайтты. Қаншама қағаз жазылды. Қаншама аралық шешімдер қабылданды. Алайда, соның бәрі Нарынның экологиялық мәртебесін рәсімдеп, тұрғындарына әлеуметтік жеңілдіктер көздейтіндей үлкен бір үкіметтік шешімге айнала алмады. Өкінішті!
Дегенмен, заман түзу. Ел орнында. Тарихтың ауыр жүгі тиелген арбасын бірде баяу, бірде тез алға сүйреп, қасиетті Хан Ордасы келе жатыр уақыттың керуенінде. Қарағайлары сыңсып Нарын жатыр көсіліп...
Қайран Нарын! Атамекен!
Нарында туған біз секілді өз төлдері үшін ғана емес, бұл атырап исі қазақ үшін, алаш ұрпағы үшін айрықша қастерлі, қасиетті өлке. Бағы замандағы Тұмар ханымнан бергі жауынгер қазақ қыздарының ержүрек дәстүрін жалғастырып, кешегі күркіреп өткен қан қасап соғыста өзінің есімін де, ұлтының атын да өшпейтін ерлікпен тарихқа жазып кеткен қаршадай қазақ қызы Мәметова Мәншүкті туған топырақ. Сол соғыста фашистердің бомбалауын көзбен көріп, бастан кешкен қазақ жерінің бірден-бір пұшпағы (Сайқын, Шоңай теміржол бекеттерінің бомба түсіп қираған су айдағыш мұнараларының қаңқасын айтамыз).
Нарын – ұлттық рух пен намыстың мұқалмайтын шар қайрақтай, қайсар символы, әр сөзі елдік пен ерліктің ұранына айналған Махамбеттің арпалысты ғұмыры өткен жер (Қаракөл – Шоңай көлінің жағасында жергілікті халық Махамбет үйі деп атап кеткен көгілдір қиықты көне ағаш үйде елуінші жылдарға дейін сол кездегі «Еңбек» ұжымшарының дәрігерлік қосынының орналасқанын қариялар айтып отырушы еді). Қазақтың қара шанақ домбырасы мен күмбір күй өнерін әлемдік деңгейге көтерген Құрманғазы бабаның өлмес өнеріне өзек болған киелі топырақ. Қазақтың тұңғыш ұлттық әскери құрамы болып есептелетін Бірінші атты әскер полкінің туы көтерілген жер. Қазақтың тұңғыш мұражайы, тұңғыш баспаханасы, тұңғыш ұлттық үнқағазы...
Ел ішінде көп болмасақ та, бір кездері полигон салған жара біртіндеп жазылып, анау бір өліара кезеңде қатты күйзеліп қалған ауыл тірлігі біртіндеп қалпына келіп, малына қоң бітіп, ел еңсесін көтере бастағаны да басы ашық ақиқат.
Шалғайдағы Жанақала ауданының орталығында полигон зардабын шеккендерді сауықтырумен айналысатын облысаралық кешеннің қызмет жасап жатқаны да көңілге әжептәуір медеу.
Қасиетті Нарын қанатын қайта қомдап, түлей түссе екен деген тілекпен ұйқыға жатып, осы тілекпен жаңа күнді қарсы алудамыз. Лайым солай болғай...
Ғарифолла КӨШЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген:
Рафхат Халелов.