• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Тіл жанашырына арналған орталық

421 рет
көрсетілді

Семейде Бәтташ Сыдықұлы атындағы шешендік сөз орталығы ашылды. Аталмыш орталық №37 қазақ мектеп-гимназиясында орналасқан. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары №37 қазақ мектеп-гимназиясы тікелей Бәтташ Сыдықұлының бастамасымен бой тіктеген еді. 1990 жылы Бәтташ ағаның ұсынысымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Семейде бұрын екі қазақ тілді мектеп болса, қазір жетеуге жетті. Жалғыз балабақша бар еді, 17-ге көбейді. Осыған ол ықпал етті. «Енді осынау шешендік сөз орталығында қазақ балалары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де қазақтың сөз өнері мәдениетімен еркін таныса алатын болады», деді №37 мектеп-гимназия директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Бәтташ ақсақалды көзі көрген Жұмағазы Стамбеков. Бүгінгі жас ұрпақ үшін аса маңызды шешендік сөз орталығының ашылуына мұрындық болған – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақ гуманитарлық инновациялық заң университетінің ұжымы. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жиырма бес игілікті іс» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Орталықта шешендік өнердің қыр-сыры, жыраулар мен билердің дана сөздері, әділ шешімдері жан-жақты дәріптелетін болады. Бұл бағытта мектеп ұстаздары мен университет ғалымдары бірлесіп жұмыс атқаруға уағдаласты. – «Қазақ тілі» қоғамының қалыптасуына еңбегі сіңді, – дейді Бәтташ ағаның жары Үміт Өмірбекқызы. – Қаншама мектеп, балабақша ашуға, септігін тигізді. Жастар оқысын, тілін білсін, деді. Жиналған қауым алдында Хамит Сыдықұлы, Хафиз Матаев сынды ақсақалдармен қатар, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім, профессор Арап Еспенбетов, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова сөз сөйлеп, шешендік сөз өнері орталығының жұмысына табыстар тіледі. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.