• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Ұлт мұрасын ұлықтағандар

289 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ ұлттық географиялық қоғамының 2015 жылғы қызмет қорытындыларына және 2016 жылға арналған жоспарларына қатысты баспасөз мәслихаты болып өтті. Аталған брифингке Қазақ ұлттық географиялық қоға­мының басқарушы кеңесінің төрағасы Қанат Байғарин, «Тарихи-мәдени мұра, этно­графия» тақырыптық кеңесі­нің вице-президенті Жәкен Таймағамбетов, ҚҰГҚ дирек­торының ғылыми және ха­лықаралық жобалар жөніндегі орынбасары Сәулет Сәкенов, ҚҰГҚ «Шоқан Уәлихановтың керуен жолымен» экспе­ди­циясының жетекшісі, география ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физи­калық және экономикалық география кафедрасының профессоры Орденбек Мәзбаев қа­тысты. Қоғамдық бірлестіктің не­гізі 2013 жылы Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімовтың қол­дауымен құрылған болатын. Оның қызмет шеңберінде 5 та­қырыптық кеңес жұмыс істейді. Олар, «География, климат», «Қоршаған орта, табиғи ресурстар», «Биоәртүрліліктер», «Туризм, саяхаттар, өлкетану» және «Тарихи-мәдени мұра, этнография». Қазіргі таңда бір­­лестіктің Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Қарағанды, Қостанай, Маң­ғыстау, Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан, Оңтүстік Қазақстан об­лыстарында 10 өкілдігі өз қыз­меттерін жоғары деңгейде атқаруда. – Өткен 2015 жыл Қазақ ұлттық географиялық қоғамы үшін айтулы оқиғалармен есте қалды. Дәлірек айтсақ, Испания географтар ассоциациясымен, Ар­­­гентина географиялық зерт­­­­теулер қоғамымен, Әзер­байжан географиялық қоғамымен ын­­ты­мақтастық туралы мемо­ран­думдарға қол қойылып, тақы­рыптық кеңес­тер мен өңірлік өкілдік­тері­нің әрқайсысының қызмет шеңберінде 20 жоба іске асы­рылған болатын. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Ұлы­таудағы «Хан Қорық» жастар фестивалі, Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуын атап өту шеңберіндегі іс-шаралар, Қашғарияға ғылыми-танымдық экспедиция нәтижелері бойынша «Ұлы Шоқанның керуен жолымен» кітабының шығуы, Қазақстанның оқу орындарына жасыл кеңсе қағидаларын ендіру, Ұлытау ұлттық табиғи резер­ватын жасау, «Іле атырауы­ның қамыс жұмағы» жобасы және т.б. бар. Сонымен бір­ге, өткен жылдың еншісіне енгі­зілген негізгі жобалардың қатарына мыналарды да қосып қойсаңыз болады. Олар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнал­ған Солтүстік Тянь-Шань бойымен тау жорығы, Павлодар қаласындағы «Ертіс күні» мере­кесі, Ресейдің Орынбор облысы мен Батыс Қазақстан облысы аумақтарындағы Шаған өзені бассейнін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу экспедициясы бар, – деді төраға Қанат Бай­ға­рин. Жиынға қатысушылар осы жылға да үлкен жоспар құ­­­ры­лып отырғанын айтып, оның бірнешеуін атап көр­сет­ті: Ұлытау мен Аралға және Солтүстік Қазақстан облыс­та­рының өзен­деріне экспедиция жасау, ОҚО-да «Хан Қорық» жастар фестивалін өт­кізу, мүмкіндігі шектеулі адам­дар үшін Іле Алатауының ал­ғашқы қолжетімді туристік соқпағын жасау, Ұлытау бойынша туристік жол көрсеткіш, Баянауыл туристік карта-схе­масын шығару аталмыш жос­пардың алдыңғы қатарында тұрғанын естеріңізге саламыз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».