• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Ұлық Наурыз және Ұлттық музей

614 рет
көрсетілді

Кез келген ұлттың өзі­не тән қаншама жылдан бері қарай қалыптасып келе жатқан салт-дәстүрі, ата танымы болады. Алай­да, оны берік ұстану мына жаһандану кезеңінде тым қиынға соғып барады. Қалай десек те, ұлт ұлт ретінде сақталып қа­луы үшін соның бәрі маңызды. Біздің қазақ халқының бүгінгі таңдағы берекелі тіршілігі, баянды бірлігі бір жағынан осынау баба аманатына аса жауапкершілікпен қара­ғанынан болса керек. Әлбетте, жоғын түгендеп, барын қастерлей білген халықтың болашағы да жарқын болмақ. Сондай қастерлі, қадірлі мұрамыздың бірі – Ұлыстың ұлы күні. Қазақстан Республикасының Ұлттық му­зейі әз Наурызды алғаш рет кең көлем­де атап өткелі отыр. Оған арнайы бағдарлама дайындалып, іс-шаралар легі 10 күнге жоспарланған. Діттегеніміз – ұлттық құн­дылықтарымыздың дамуына күш сала отырып, салт-дәстүріміздің насихат жұмыстарын жаңғырту. Жаңарудың бастауы болып табылатын жыл басын бүкіл ұжым болып сән-салтанатпен қарсы алмақ. Ендігі кезекте бағдарлама барысына қысқаша тоқталып өтсек. 14 наурыз Амал күнімен бастау алатын шаралардың жалпы мазмұны текті қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Оның үстіне, музей қызметкерлерінен құралған командалар арқан тартудан, асық атудан өзара жарысқа түскелі отыр. Осылайша наурыз айы – ұлттық ойын түрлерінің ұлықталатын уақыты екенін іспен көрсету. 16 наурыз күні «Наурыз – жыл басы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді. Оған этнографтар, тарихшылар қатысады. Шараның басты мақсаты – Наурыз мейрамын тойлауды уақыт талабына сай түрлендіру жұмыстарын ақылдасу, өзара талқыға салу. Зиялы қауым­ның ұсыныстары қоғам талқысына салынып, Ұлыстың ұлы күнін жалпыхалықтық мерекеге айналдыру үшін барынша жұмыс жүргізілетін болады. Осынау 10 күндік бағдарламаның ішінде қайырымдылық шарасы да қамтылған. Атап айтқанда, 15 нау­рыз күні балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар «Тұсаукесер» рә­сі­міне қатысады. Қо­ғам қайраткерлерінің қаты­суымен өтетін бұл дәс­түріміздің Ұлттық му­зейдің шаңырағы ас­тында көрініс табуы жа­ңа бастамалардың басы болайын деп тұр. Атал­ған шарада балалар үйі­нің бірнеше тәрбие­ленушісінің тұсауы ке­сіледі. Бұдан бөлек, жа­ңадан шаңырақ кө­терген жас жұбайларға арнап «Ақ босаға» рәсімі ұйымдастырылады. Ел ағалары жастарға бата беріп, отбасы болудың ма­ңызы туралы ақыл-кеңестер айтады. Бұл жобалар музейдің әлеуметтік парызын атқару үшін алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін болады. 17 наурыз күні мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен «Қазақ халқының ұлттық ойындары» тақырыбында ашық сабақ өтеді. Ашық сабақтың бас­ты мақсаты – ұлттық мұраларымызды әспет­тей отырып, жас ұрпақтың көңіліне ой салып,жүрегіне қазақы рең беру. Сонымен қатар, 10 күн бойы балалардың құрметіне арналған «Қош келдің, әз Науры­зым!» іс-шарасы жүргізіледі. Бұл ретте бала­қайларды мерекелік концерттер мен қызықты қойылымдар күтіп тұр. Айта кетейік, Ұлттық музей қонақтары наурыз айы бойы Ұлыстың ұлы күніне арналған көрмелерге қатысуға мүмкіндігі бар. Мерекенің құрметіне тігілген киіз үйді тамашалап, ақтан дәм тата алады. Осынау тың бастамалардың дайындық жұмыстары басталып та кетті. Оған барлық музей қызметкері жұмылдырылған. Да­ла заңын терең меңгерген ата-баба­ла­рымыздың аманаттап тапсырған осыншама дүниесіне жауапкершілікпен қарау және оның өмір­шеңдігі жолында жұмыс жасау еліміздегі ең үлкен мәдениет орда­сының басты миссиясы. Соның бәрін абыроймен өткізсек, алға қойған мақсат­тарымыздың орындалғаны. Ұлттық на­қыштағы игілікті іс-шаралардың кө­рермені болып, жыл басын бізбен бірге қарсы алуға шақырамыз. Әз Наурыз құтты болсын, ағайын! Жазира КҮЛБАЕВА, Қазақстан Республи­касы Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары.