• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Қоршаған орта және біз

1590 рет
көрсетілді

Жер жәннаты Жетісудың таңға­жайып тамаша табиғатын аялап, ен байлығын қаз-қалпында сақтап, келер ұрпақ өкіліне өткізу – перзенттік парыз. Бұл парыз облыстық экология департаментінің төл міндеті болып саналады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау жөніндегі біртұтас мемлекеттік экологиялық саясатты жүргізуде орталық, жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіріп, табиғатты пайдалануға рұқсат беру құзыретін атқарудамыз. Сонымен бірге, жерді, суды, ауаны, жер қабатын ластаудың алдын алып, заңнама шеңберінде әрекет етудеміз. Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекциялау комитетімен келісілген жоспарлы кестеге сәйкес жүргізген жұмысымыздан бір дерек келтірер болсақ, былтырғы жылы табиғат пайдаланушы нысандарға 244 тексеру жүргізіп, барлығы 71 миллион теңге өндіріп, республикалық бюджетке түсірдік. Облысымыздағы экологиялық өзекті мәселе тұрмыстық қатты қал­дық­тарды қайта өңдейтін бірде-бір ны­санның жоқтығы болып отыр. Жыл сайын облыс аумағына Алматы қаласынан 450 мың тонна, ал облыстың елді мекендерінен 350 мың тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылып, бүгінгі күнгі статистикалық мәлімет бойынша 8,7 млн. тоннадан артық қал­дықтар жи­нақталған. Қалдықтар көлемі жыл­дан-жылға өсуде. Өйткені, Ал­маты облысы аумағында бірде-бір тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрып­тайтын және қайта өңдейтін зауыт жоқ. Бұл үлкен мәселе. Бүгінгі күнге 8 полигонға ғана экологиялық құжаттар берілген. Маман ретінде сараптама жасасақ, жайшылықта білінбегенімен жылдар бойы қор­даланған мәселелер тізіліп шыға береді. Әрине, ол түптің-түбінде кері әсерін тигізетіні анық. Оған күмән жоқ. Солай екен деп қол қусырып отыра беруге тағы болмайды. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салуды бүгінгі күннің басты талабы деп түсініп, әрекет ету керек. Егер мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша бұл жұмысты жеке азамат­тар қолдарына алып жатса полигон салуға жұмсаған қаражатын аз уақытта еселеп қайтарып алатыны анық. Оған қоса Табиғат-ана алдындағы парызын да өтеп, ха­лықтың алғысын арқалайтыны тағы бар. Республиканың эко­логиялық проблемалар тізіміне Алматы облысы бойынша «тарихи қалдықтарға» Текелі қорғасын-мы­рыш комбинатының қалдық сақтауыштары енгізілген. Осы техно­генді құрылымдар құра­мын­да ауыр металдар қалдықтары қой­ма­ланған. Аталған қалдық сақтауыш­тардың біреуі Те­келі қаласының ор­та­лығында, екін­шісі Кербұлақ, Көксу аудандары мен Текелі қаласы шекараларының түйіскен жеріндегі Рудничный кентінде орналасқан. Негізгі проблема жел соққан кезде қал­дықсақтауыштың ауыр металдар араласқан шаң-тозаңы Текелі қаласы мен оған жақын орналасқан барлық елді мекендерге дейін тарайды. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, топырақта ауыр металдар құрамы көбеюде. Әсіресе, қорғасын үгінділері мол. Қалдықсақтауыштың сыртқы қабаты жаңбыр-қар суларымен жуылып, Қаратал және Көксу өзендерін ластауда. Тағы бір үлкен проблема Алматы қаласының сарқынды сулары құйы­латын Сорбұлақ сужинағышының жағдайы болып саналады. Елбасының Сорбұлақ сужинағышына байланыс­ты 2010 жылдың 9 ақпанында берген тапсырмасына сәйкес, министрлік тарапынан «Пайда болған қолайсыз экологиялық жағдайды азайту және сужинағыштың ер­неуінің бұзылып кету қаупін болдырмау мақ­сатында «Сорбұлақ көліндегі сарқынды сулар сужинағышының қазіргі жағдайын ке­шенді зерттеу» ат­ты ғылыми-зерт­теу жұмысының жүргі­зілгені баршаға мәлім. Алайда, тиісті шаралар толыққанды ше­шілмегендіктен, аталған мәселе шешімін таппауда. Панфилов уран кен орнының радиоактивті үйінділерінің кері әсерін жою да өзекті мәселеге айналған. Кеңес заманындағы «Волковгеология» барлау партиясына қарасты гамма-сәулеленуі жоғары деңгейдегі уран кен орнының үйінділері қалған. Кен орындарына геологиялық барлау жұмыстары 1962 жылы аяқталып, анықталған уран нысандарына кон­сервация жасалған. Алайда, то­лық қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізілмеген. Сол себепті, Жетісу Алатауы бөктеріндегі қайта қалпына келтірілмей қалған штольнялардың немесе уран ұңғымаларының жоғары радиоактивтілігі қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Тастанды уран ұңғымаларының қор­шаған ортаға әсерін қайта бағалау үшін арнайы радиологиялық зерттеулер жүргізу қажет. Райымбек ауданындағы «Ой­қарағай» көмір кен орнының қор­шаған ортаға әсерін анықтау, ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет­­­тілігі туып отыр. Кербұлақ ауда­ны, Сарыөзек ауылындағы және Қап­­шағай қаласындағы кәріз суы­на қатысты экологиялық апатты жағ­дайға көңіл бөліп, ретке келтіру қажет. Соңғы бес жылда облыс аума­ғында мал өлекселерін тастайтын 351 қорым салынып, қолданысқа берілгенімен басым бөлігі санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анық­талды. Сондықтан бұл пробле­маны шешу жолы – құжаттарын заңдастырып, экологиялық, санитар­лық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіріп, бір жүйеге келтіру, оларды басқаруды қолға алу мәселесі бойынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыс басталды. Жердің тозуына табиғат пайдаланушылар және жер қойнауын, әсіресе, карьерлерді пайдаланушылардың экологиялық талаптарды сақтамауы себеп болуда. Сөйтіп, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері артуы, егістіктердің сан-алуан химиялық пре­па­раттармен улануы, жердің құнар­сыздануы, рұқсатсыз жабайы түрде тұрмыстық қатты қоқыс-қалдықтардың бей-берекет кез келген жерге төгілуі, ағаштардың шамадан тыс кесіліп, жойылуы, кіші өзендердегі сулардың тартылып, арнасының кебуі климаттың өзгеруіне қатты әсерін тигізуде. Соңғы кездері трансшекаралық Іле өзе­ніндегі су қорының азайып кетуі, су сапасының төмендеуі экологиялық сипаттағы табиғи тепе-теңдіктің және табиғи су теңгерілімінің бұзылуына әсерін тигізіп, Қапшағай және Балқаш көлдерінің экожүйесінде де өзгерістер байқалуда. Негізі экологиялық проблемаларға өңір басшысы ерекше назар аударып отыр. Нақты дәлел ретінде «Алматы облысының экологиялық проблемаларын шешудің 2016-2020 жылдарға арналған іс-шара жоспарын» бекітіп бергенін айтуға болады. Іс-шараның орындалу нысаны, жауапты орындаушылары, орындалу мерзімі және қаржыландыру көздері жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Қорыта айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын сақтау – болашаққа деген қамқорлық, ұрпақ үшін жасалатын мұра. Сондықтан да Елбасы Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалануда ашық саясат қалыптастыру жөніндегі сындарлы ұсыныстары бізге жаңа міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Бұл, ең алдымен, қоршаған ортаны қорғаудың да бәсекеге барынша қабілетті болуына жағдай жасайды деген сөз. Қонысбек БАЙЕДІЛОВ, Алматы облыстық экология департаментінің басшысы. ТАЛДЫҚОРҒАН.