Аспантаулар етегіндегі біздің елден талай таланттар түледі. Мәселен, асыл жыры жаңғырған Көдек Байшығанұлын алып қараңыздар. Ақын атамыздың сөз керуенін ешкім тоқтата алған жоқ. Қызыры мен киесі жоғалмады. Ешкімге ұқсамайтын Бердібек пен Мұқағали, Еркін сол бабаларымыздың жалғасы.
Ал, Ұзақ Бағаев пен Тельман Жанұзақов бастаған журналистер легі қандай? Көңіл толқып, көз тояды. Менің айтайын деген кейіпкерім журналист-жазушы Жақыпжан Нұрғожаев сол ағаларының артынан ілесті, замандастарының жанында болды, інілерінің алдында жүрді. Уақыт шіркінге тоқтау бар ма?! Жақыпжанның ағалық кезеңге жеткенін байқамай да қалыппыз. Жетінші белес биігіне шығып, жан-жағына қуана қарап тұр.
Әрине, Жақыпжан інімнің қуануға да, құрметке бөленуге де толық қақысы бар. Себебі, жүріп өткен жолдарындағы іздері анық. Тәжірибесі тәлімге айналды. Қаламгерлік дейтін қиын істің зор жауапкершілігін мойымай көтерді. Ол ең алдымен, өзіне сенді, еңбегіне жүгінді. Ізденіс үдерістерін ешқашан үзіп алған емес. Мұндай табандылықтың түбі жетістік пен нәтижеге апаратыны анық еді.
Қолы қалт етсе Жақыпжан інім құстай ұшып маған жететін. Оның іздегеніне мен де риза боламын. Біз сол күні басқа жұмыстарды қоя тұрып, ел жайындағы әңгімелерді толғайтынбыз. Қаймақ қатқан күрең шай маңдайды жіпсіткен сайын ойды ойға сабақтап сырласамыз.
– Аға, осы журналистік қызметтің арқасында талай елді араладым. Талай сусынды таңсық көрдік. Бірақ солардың бәрі құла қасқа күрең шайымызға жетпейді, – деп маған қарап жымияды.
– Сен дәл байқаған екенсің. Өзің менің ішімдегі сөздерді оқып отырғандай етіп сөйлейсің, – деймін мен де оны қолпаштап.
– Солай болуға тиістіміз, аға. Байқампаздықты тереңдетпей журналист болу қиын. Айналаны жіті шолуға міндеттіміз. Біз адамдар туралы жақсы мақалалар жазумен ғана шектелмейміз. Оларды пәле-жаладан қорғау үшін де күресеміз, – дейді.
Осы сәтте мен оған қызыға қарап қаламын. Сонда барып Жақыпжанды не үшін жақсы көретінімді түсіне бастаймын.
Менің білетінім, Жақыпжан өзінің алғашқы журналистік жұмысын Алматы облыстық «Жетісу», сосын республикалық «Лениншіл жас» газетінен бастады. Сол кезеңдерде елдегі жалғыз жастар басылымына қызметке кіру өте қиын еді. Ынталы жігіттер көп. Сынақтан сыр бермей өткендер, көш басынан көрінгендер ғана тілші деген куәлікке қол жеткізетін. Сондай мүмкіндік Жақыпжанның еншісіне бұйырды. Оған бәріміз қуанғанбыз. Ініңнің ісі ілгері басып жатса неге тілектес болмасқа?!
Газеттің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов деген азамат таланттарды танитын, өткірді жанитын нағыз ер еді. Жақыпжанды да шыңдады. Өзінің бейіміне қарай тапсырмалар беріп, қайнаған өмірдің ортасына салды. Жас журналист сыр берген жоқ. Сол туралы оның бір айтқаны менің әлі есімде.
– «Лениншіл жастың» жігіттері күнделікті ақпаратпен бірге, өздеріне тән дара ерекшеліктерімен көзге түсуге тиісті. Мен ұзақ ойлана келе сот істеріне қатысты очерктер жазуды таңдадым. Жоспар-жобамды редактор мұқият тыңдады. Содан кейін рұқсатын берді.
Жаңақорған ауданына жол тарттым. Төбесінен соққы тиіп, тура есіктің алдында жантәсілім болған жақынының өліміне кінәлі деп табылған жас жігіт 17 жылға сотталыпты. «Қолым да, арым да таза», деген оның жанайқайына дәлел жоқ. Білікті заңгерлердің өзі ақтай алмаған. Сотталушы ең соңында «Лениншіл жастан» көмек сұраған.
Жұмыс осылай басталды. Өзім прокурор, өзім тергеуші, өзім сотпын. Деректер мен дәйектерді салыстырамын. Қанша үңілсем де иненің жасуындай саңылау жоқ. Кенет бір күдік мені елең еткізді. Жастар газетінің күшімен КСРО Қорғаныс министрлігіне сұрау салдық. Мына ғажапты қараңыз, тура сол күні, сол сағатта Жаңақорғанның әуе кеңістігінде әскери ұшақтардың жаттығулары болған екен. Жоғарыдан құлаған бұранда қаперсіз тұрған марқұмның төбесіне тиіпті. Журналистің мақаласы бойынша қайтадан сараптама жасалды. Бәрі расталды. 17 жылға сотталған жігіттің қолынан кісенді алған кезде, бұл көрініске толқымаған жан жоқ. Газеттің беделі мен даңқы одан сайын аспандады, – деді жанарынан нұр ұшқындап.
Ол мұндай оқиғалардың талайына куә болды, жазықсыз жапа шеккен талай жандарға көмектесті. Жастар газетінде өткізген күндерінің есінен кетпейтіні сондықтан.
80-ші жылдардың ортасында Жақыпжан аяқ астынан бір батыл шешім қабылдады. Жастар газетін қоя тұрып Шелек аудандық газетіне жұмысқа кетті. Оның себебі, ел-жұрттың ортасында болғанды қаламгер жан-тәнімен қалады. Мұнда қарапайым еңбеккерлермен күнделікті кездесіп, емен-жарқын сөйлесуге мүмкіндіктер көп.Екіншіден, аудандық газеттің жетекшісі ретінде жаңа қаламдастарына жастар газетінің тәлімдерін үйреткенді жөн деп ұйғарған. Осыны естіген кезде мен оны қуана құптадым. Себебі, Шелек ауданы – менің туған ауданым болатын. Алматылық қаламгер ауыл мәдениетінің өркендеуіне осылайша үлесін қосып жатса, оған қалай қол соқпайсың?!
Кейін білдім, Жақыпжан бұлай еткенде алыс көкжиектерге көз салған екен. Сол тәжірибелер кейін облыстық «Жетісу» газетін басқарғанда іске жарады. Елді, жерді жетік білетінін көрсетті. Қандай мәселе көтерілуге тиіс, соны дөп басып тауып отырды. Жақыпжан «Жетісудың» шежіресінде ең ұзақ редактор болған адам ретінде құрметтелді. Бірқатар білікті шәкірттер тәрбиеледі. Қазір сол інілері ағасының жолын ойдағыдай жалғастырып жатыр. Бұл да оған берген өмірдің ең үлкен сыйы.
Сонымен қатар, ауданға қызметке барғанының тағы бір құпиясын айтайын. Оны «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары» атты хикаяттар жинағын оқығанда анық аңғардым. Шығармалары көркем жазылыпты. Сені қолыңнан жетелеп, ауылды аралатады. Ондағы жүректері пәк, көңілдері ашық, пейілді де мейірлі жандардың шаңырағына кіргізеді. Солардың бәріне сүйініп, бәріне сенесің. Осы кітапты оқығаннан кейін мен оның жазушылық қабілетін біржолата мойындадым.
2005 жылдың жазы. Жақыпжан жұмыс бөлмеме қуанып, өте көңілді кірді. Бұл – Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына әзірленіп жатқан кез.
– Аға, той тойға ұлассын десеңіз, бізге демеушілік жасаңыз, – деді аптыға сөйлеп.
– Жақыпжан-ау, мәселені алдымен дұрыстап түсіндірші. Сені ерекше желпіндіріп отырған не нәрсе?
– Біз «Мұқағали» журналын шығаратын болдық. Оның әдеби дайындығы толық аяқталды. Ендігі жұмыс қаржыға тіреліп тұр. Оны сіз қолдамағанда, кім қолдайды?! – деді.
– Мынауың керемет жаңалық қой! Сүйінші сұрамайсың ба?! Шіркін, мұны Мұқағали ағамыз көргенде қандай қуанар еді?! Сендер дұрыстап бастаңдар, мен қолдан келгеннің бәрін аямаймын, – деп інімді құшақтай алдым. Жақыпжан бастаған жігіттер өздерінің уәдесінде тұрды. Журнал кеше ғана 10 жылдық мерейтойын атап өтті.
Айта берсең әңгіме көп. Оның бәрін түгендеп, түгел баяндай алмайсың. Менің білетінім, журналист Жақыпжан кезінде талай ағалары мен әпкелерін келістіре отырып газетке жазды. Енді ол туралы жазу біздің жолымыз сияқты. Сондықтан, оған ағаның көзімен қарап, оның ісін ағаның сөзімен бағалауға тырыстым. Ал қаламгердің нағыз бейнесін сомдау келешектің еншісінде.
Кеңес ҮШБАЕВ,
фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор.