• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Түріктер жедел жәрдем стансасын салады

343 рет
көрсетілді

Дағдарыс жағдайында да дамуды қамтамасыз ету үшін қаржы көздерін табу, сырттан инвестиция тарту қажеттігі белгілі. Жергілікті биліктің бұл бағыттағы ілкімді қимылы, іргелі ізденісі нәтижелі бола бастады. Соның нақты мысалы ретінде түріктің «Hemogens Health Care» компаниясы Ақтөбеде орталық медициналық жедел жәр­дем стансасын салуға мүдделі­лік танытып отырғанын айту ләзім.  Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапар­баев­тың компанияның бас директоры Над­жие Арпаджымен кездесуі бары­сында белгілі болды. Кездесуде өңір басшысы соңғы бес жыл ішінде ай­мақ­та халықаралық стандарттарға жауап беретін 52 денсаулық сақтау ны­саны са­лын­ғандығын, 52 мекеме ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілгендігін жеткізді. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту жолында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласында шешуді қа­жет ететін проблемалар да бар екенін жа­с­ыр­­­мады. Сондай өзекті мәселелердің бірі – медицина­лық жедел жәрдем қыз­меті­нің типтік ғимараттың болмауы, авто­көлік­тер мен жабдықтардың шегіне жете тозуы, диспетчерлік қызметтің қазіргі стандарттарға сай келмеуі екенін мәлім етті. Осыған байланысты біз облыстық жедел жәрдем стансасын аутсорсингке беру ту­ра­­лы шешім қабылдадық. Бұл ретте бізге тү­­рік әріптестеріміз көмекке келмек, деді Бер­ді­­бек Мәшбекұлы сөз арасында. Қазіргі уа­­қытта санитарлық көлік паркінің тозуы 55 па­­йызды құраса, бұл көрсеткіш бойынша ме­­ди­­циналық жабдықтардың да жағдайы мәз емес. Жедел жәрдем бригадаларына жүктеме өте жо­ғары, өткен жылы ғана ол 29 пайызға көтерілді. Шақырулар саны көбейе түсті, осы­­ған байланысты кешігіп бару жағдайлары орын алуда. «Hemogens Health Care» компаниясының бас директоры Наджие Арпаджы Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде өздерінің осындай жобаларды жүзеге асыруда біраз тәжірибе жинақтағанын айта келіп, Ақтөбе өңірінің денсаулық сақтау сала­сына 5,5 миллиард теңге инвестиция жаса­латын­дығын жеткізді. Биылғы жылы 3,5 миллиард теңге орталық медициналық жедел жәрдем стансасын салуға және оны жарақтандыруға, сондай-ақ, 35 санитарлық автокөлік сатып алуға жұмсалмақшы. Сонымен бірге, жаңа Е-форматында медициналық жедел жәрдем көрсету бойынша бірыңғай қалалық ақпараттық-талдамалы диспетчерлік орталық құрылады. Осы бір мезгілде дәрігер қызметкерлерін оқыту, дәрі-дәрмектер өндірісі бойынша да жобалар жүзеге асырылатын болады. Компания 2020 жылы 2 миллиард теңгені реанимобильдік және медициналық жабдықтарды жаңартуға бөлуді көздеуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.