• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Аға лейтенант ханым

928 рет
көрсетілді

Әйел заты – табиғатынан сұлу жаратылыс. Оған дау жоқ. Әсіресе, әспеті бөлек әскери киім киген әйел баласы әсте әдемі көрінбей ме? Басқаға қалай екенін білмедім, өзім үшін солай. Әскери киімдегі әйелдің бейнесінен нәзіктік пен өрліктің өрімін көремін. Сырым аудандық пробация қызметінің инспекторы Жангүл Бисембиеваны көргенде мен осылай сүйсініп едім. Ақпарат саласының адамы болғанымыз себепті, бұл азаматшаның қызметіне жүгінген кездеріміз де болды. Жангүл Бисембиева – Тас­құдық ауылының тумасы. Жангүлдің әкесі Ғани Бисембиев алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі-тұғын. Әке­нің қызметтік киімі бала Жан­гүлді қатты қызықтырды. Жалтыраған ілгектер, жағалы жей­делер, дөңгеленген төбесі бар бас­киім – осының бәрі қаршадай қызды арманның арнасына салды да жіберді. Жангүл әскери қыз­меткер боламын деп шешті. Сөйтті де, мектеп бітіре салысымен оңтүстік астанадағы әскери ака­демиялардың біріне түсуге талпынды. Талпыныстың бәрі сәтті бола бермейді. Байланысшы боламын деген Жангүл сынақтан сүрінді. Бірақ, арманынан ай­ныған жоқ. Түп атасы әскери қызмет қой деді де, өзіміздің Оралдағы экономика және қаржы колледжінен «Кеден ісі» бойынша жартыжылдық курсты оқып, меңгеріп алды. Кейін жоғары оқу орнын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің іс жүргізушісі бо­лып жұмысқа орналасқан ол көп ұзамай аудандық прокуратураның кеңсе меңгерушісі қызметіне ауыс­ты. Осы қызмет арқылы жас ма­ман заңгерлік білімін шыңдап, жақсы тәжірибе жинақтады. 2011 жылы Жангүл Ғаниқызы аудандық пробация қызметінің инспекторы болып, жаңа жұ­мысқа кірісті. Бүгінде осы саланың білікті маманы ретінде белгілі. Пробация қызметінің қылмыстық жауап­кершілікке тартылған аза­мат­тардың есебін жүргізіп, олардың қоғамға қалыпты адам есебінде сіңісуін қамтамасыз етіп, еңбекке араласуын, психологиялық оңа­луын қадағалайтын жауапты жұмыс екендігін осы жерде айта кеткен дұрыс болар. – Қызметтің өзіне тән ауырт­пашылығы бар. Мәселен, қыл­мыстық жауапкершіліктің жазасын тартқан адамдардың жағдайына кіру үшін, олардың түйсігін түсіну үшін жақсы психолог болуға тура келеді. Әйел заты ғой деп менен жұмсақтық күтетіндер болады. Ашы­ғын айтайын, мен қызметте қаталмын. Қаталдық болмаса, тәр­тіп болмайды. Жұмыс барысында бей­мезгіл шұғыл ша­қыртулар болады, оның үстіне түнгі кездерде рейдтер жасаймыз. Бұл жұ­мыс­тар шыдамдылықты талап етеді. Қызметіміздің бір қыры ішкі істер саласына қатысты болғасын, қару ату қабілетін де, физикалық бапты да ұдайы назарда ұстаймын. Жұмы­сымды жақсы көремін, – дейді әділет аға лейтенанты Жангүл Бисем­биева. Кейіпкеріміз осыдан он жыл бұрын жымпитылық Нұрбол деген азаматпен шаңырақ көтерген еді. Жангүл бүгінде екі баланың анасы. Ол ана болудың да теңдессіз бақыт екенін тамсана айтты біз­ге әңгіме барысында. «Сол бақы­тыңыз ұзағынан болсын!» дедік біз сұхбат соңында қағаз-қала­мымызды жинас­тырып жатып. Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, журналист.  Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы.