• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Өзара түсіністік танытылған кездесу

384 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мен «Ресей темір жолдары» ААҚ басшысы Олег Белозеровтың кездесуі болып өтті. Кездесу барысында көлік пен логистика саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың мәселелері талқыланды. А.Мамин өзара тиімді әріптестік қатынастарды нығайту бағытындағы конструктивті үнқатысу, белсенді өзара іс-қимыл, үйлестірілген бірлескен күш-жігер оң нәтижелерге қол жеткізуге мүм­кіндік беріп қана қоймай, ағымдағы экономикалық жағдайда Қазақстан мен Ресей теміржол компаниялары қыз­меті­нің тиімділігін арттыруға оң ықпал ететінін атап көрсетті. Келіссөз кезінде тараптар басты назарды екі ел аумақтарында тасымал көлемін арттыру, транзиттік жүк ағынын өрістету үшін оңтайлы жағдайлар жасау мәселелеріне аударды. 2014 жылдың қараша айында Ресей, Қазақстан және Беларусь теміржол әкімшіліктерімен құрылған Бірлескен көлік-логистикалық компанияны (БКЛК) әрі қарай дамыту талқылаудың негізгі тақырыбына айналды. А.Мамин мен О.Белозеров контей­нерлік сервистік қызмет көрсетулердің интеграторы ретінде БКЛК жұмысының алғашқы жұмыс нәтижелерін оң бағалай келіп, аталған іске ортақ көзқарас та­­­нытудың маңызы зор екенін атап көрсетті. «Қазіргі қалыптасып отырған күрделі экономикалық жағдайда біз БКЛК жобасын оған қатысушылардың барлығы үшін барынша экономикалық тиімділікпен жүзеге асыратын боламыз», – деп атап өтті РТЖ президенті. Аталған компания Қытай – Оңтүстік-Шығыс Азия – ЕО бағытында және кері бағытта, сондай-ақ, басқа да темір­­­жол бағыттарында транзиттік контейнерлердің қызмет көрсетуші операторы ретінде іс-қимыл танытады. Кездесу кезінде, сондай-ақ, Қазақ­станның экспорттық жүктерін Ресей порттары арқылы үшінші елдерге тасымалдау мәселелері де қарастырылды. Аталған мәселе бойынша толықтай уағдаластыққа қол жеткізілді. Екі ел теміржол басшылары келіссөз­дерінің қорытындылары бойынша Екі­жақты кездесу хаттамасына қол қойылды. Астанаға сапары аясында О.Бе­лозеров локомотив шығаратын «Ло­комотив құрастыру зауыты» АҚ-та бо­­лып, кәсіпорынның қызметімен, алдыңғы қатарлы технологиялармен, шығарылатын өнімнің техникалық сипаттамаларымен танысты. О.Белозеров, сонымен қатар, «А» санатындағы Көлік-логистикалық орталығында (КЛО) болды. Астана қаласында КЛО-ны іске қосу өткен жылдың соңында жүзеге асқан еді. Осындай көлік-логистикалық орталықтар Қазақстанның басқа да бірқатар ірі қалаларында салынатын болады. Бұл, өз кезегінде, өңірлердің халықаралық деңгейдегі заманауи қоймаларға деген қажеттілігін жауып, жүк ағынын оңтайландыру орталықтарын құруға мүмкіндік береді.  «Егемен-ақпарат».