Кеше Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мен Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы бірлесіп «Мемлекеттік қызметтегі заманауи үдерістер мен реформалар» атты конференция өткізді. Шараға мемлекеттік қызмет істері министрінің орынбасары мен Қазақстандағы Еуроодақ өкілінің басшысы, елші Траян Христеа және өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов, сондай-ақ Президент жанындағы басқару академиясының өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар Еуропа одағының «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметі реформасы және модернизациясы» жобасы аясындағы жан-жақты пікірлерін айтып, мемлекеттік басқару бойынша Еуропа тәжірибесін интеграциялауға бағытталған бастаманы қолдайтындарын білдірді. Өз кезегінде елші Траян Христеа: «Еуроодақ Қазақстан үкіметімен түрлі салаларда, оның ішінде мемлекеттік басқару бағытындағы реформаларға қолдау көрсету бойынша ынтымақтасып келеді. Аталған жоба барысында елеулі жетістікке қол жеткізілді және әлемдік талаптарға сай келетін, халықаралық озық тәжірибеге сәйкестендірілген мемлекеттік қызмет жүйесі құрылды», – деді. Ол, сондай-ақ, осы конференцияның өтуіне мұрындық болған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мен Президент жанындағы академияға өз ризашылығын жеткізді.
Жалпы, конференцияда мемлекеттік басқару саласындағы қызметкерлердің білімі мен біліктілігі айтылып, олардың тәжірибесін арттыратын жобалар пысықталды. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері министрінің орынбасары Инна Ахметова «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметінің реформасы және жаңғыртылуы» атты жоба аясында 171 мемлекеттік қызметкер үшін 25 сапар ұйымдастырылғанын алға тартты.
Конференция соңында қатысушылар Еуроодақ пен Қазақстанның бірлескен жобасы негізінде тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттырып жүрген мемлекеттік қызметшілердің санын еселеу қажеттігін мәлімдеді. Олар сонымен қатар, аталған қызметкерлердің мәртебесін көтеру бойынша да жұмыс жасау керектігін ұсынды.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан».