• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Электоратқа қашанда тыныштық қымбат

307 рет
көрсетілді

Ұлттық кітапхана ғимаратында Сайлауды байқау жөнін­дегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) журналис­терге арнап брифинг өткізді. СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерім­бетов комиссия мүшелерінің облыс және аудан орталықтарына, шал­ғайдағы ауылдарға барып, сапар барысында жергілікті партия ұйымдарының жетекшілерімен, кандидаттармен, сайлаушылармен кездесулер өткізгенін, әріптестерінің қо­ғамның көңіл күйін байқап, ұсы­ныстар мен ескертулерді тың­дау мақ­­са­тында са­парға шыққанын, енді солардың бірқатарының қатысуымен осы брифингке жиналып отырғанын айтып, олардың әрқайсысынан көрген-білгендерімен бөлісуді сұрады. Ақтөбе облысына барып өз миссиясын атқарған комиссия мүшесі Әділ Ахметов барлық партиялардың штаб-пәтерлерінде болып, оларда сайлауға қатысты шаралардың қалай жүріп жатқанын байқағанын айта келіп: «Халықтың сайлауға деген көңіл күйі дұрыс. Штабтарда отырған өкілдерінің де көзқарастары өте жақсы. Бізге Украина, Таяу Шы­ғыстағы сияқты жағдай керек емес, тыныштық пен бірлік керек, тек соның арқасында дамып өркендейміз, деді коммунистердің штабындағы өкіл. Барлық партия өкілдерінің айтатыны осы. Осыдан 10-20 жылдағыдай емес, елімізде қазір сайлау мәдениеті әлдеқайда өсті. Халық ақылды, көз­дері ашық, көкіректері ояу олар жеке адамдарға емес, партиялардың тұжырымдамаларының қайсы өз көңілінде маңызды орын алады, сол партияға дауыстарын береді», – десе, Камал Бұрханов Оңтүстік Қа­зақстан облысында болған кезінде барлық партиялардың белсенді жұмыс ат­қарып жатқанын бағамдағанын, сайлау жөнінде ешбір заң бұзушылық жоқ­тығын, учаскелерде тізімдердің өте бір жауаптылықпен жасалып жатқанын жеткізді. Брифингті қорытындыла­ған Сайлауды байқау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов соңғы кезде ТМД байқаушыларымен пікір алмасқанын, таяу уақытта ШЫҰ бай­қаушыларымен кездесетінін, сондай-ақ, алдағы кезде өзге де ұйым­дардың өкілдерімен пікір алмасу болатынын атап өтіп, бүгінде сайлаушылардың алдағы сайлауға қатысуға белсенді ниет танытуларына баса назар аударып, дауыс беруге қатысу өте жоғары деңгейде болады деп күтілуде деген ойын жеткізді. Және ол бұл пікірді айтуына сайлау­шылармен болған кездесу кезінде қалыптасқан әсер негіз болғанына тоқталды. «Біз үшін ең бастысы – сайлау күні заң бұзушылықтарға жол бермеу. Сондықтан да насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүріп жатыр, яғни ақпараттың барлығы адамдар үшін қолжетімді. Қандай да бір заң бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған жағдайда прокуратура органдарына хабарланады», – деді Н.Ерімбетов. Журналистер қойған сауал­дарға жауап берген брифингке қатысушылар үміткерлер арасын­да танымал спортшылар мен әртіс­тердің болуына қатысты жұртшылық сіздермен кездесулерде не айтты дегенге: «Менің кез­­десулерімде, пікір алмасуларда бұл тақырып қозғалған жоқ. Яғни, қарапайым адамдарды тізімдегі әнші немесе спортшының танымалдылығы аса тол­ғандырмайды. Олар үшін пар­тияның бағдарламасы маңызды. Кандидаттар танымал болғандықтан емес, өздерін қалыптастырып, еңбек еткендері үшін іріктелді. Атап айт­қанда, тамыр-таныстықпен әлем чемпионы, ірі байқаудың лауреаты атану мүмкін емес. Олар осы жолда өздерінің күш-жігерімен өтіп, белестерді бағындырды. Мен үшін бұл адамдардың өз саласындағы мә­се­лені егжей-тегжейлі білуі өте ма­ңызды», – деп жауап берді Н.Ерімбетов. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.