Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылданды.
ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова осы құжатқа сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі екі миссиядан және бір халықаралық ұйымнан тағы 110 байқаушыны аккредиттегенін мәлім етті. «Олардың ішінде 34 байқаушы – ТМД байқаушылар миссиясынан, 1 байқаушы – ШЫҰ миссиясынан және 75 байқаушы ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясынан, – деді Т.Охлопкова. – Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады».
Комиссия отырысында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2016 жылғы 10 наурыздағы №11/755 ұсынымының негізінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Игорь Николаевич Морозовты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар миссиясының байқаушысы ретінде аккредиттеудің күшін жойды және оны Шанхай ынтымақтастық ұйымынан байқаушылар миссиясының байқаушысы ретінде аккредиттеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».