Атырау облысында 234 сайлау учаскесі бар. Қазір өңірдегі барлық учаскелерге 243 байқаушы тіркеліп, олар әдістемелік семинар-тренингтерден өтуде. Байқаушы өкілеттігі берілген азаматтар алдағы Парламент және жергілікті мәслихаттар сайлаулары науқанына тыңғылықты дайындалып, сайлау заңнамалары мен халықаралық талаптардың сақталуын қадағалауға бейімделіп жатыр.
Осыған орай Атырауда «Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сұлтан Қалиевтің қатысуымен Атырау қаласында және аудандарда «Байқаушының сайлау үдерісіндегі рөлі» тақырыбында арнайы семинар өткізілді.
– Бұл семинардың басты мақсаты – байқаушы өкілеттігі берілген азаматтарды алдағы жауапты іске дайындау, іс барысындағы сайлау заңдылықтары мен халықаралық нормалардың сақталуын қадағалауға бейімдеу, – дейді Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының Атырау облыстық филиалының басшысы Шынаргүл Қайырова.
Оның айтуынша, еліміздегі сайлау барысын байқаушы ең алдымен «Сайлау туралы» Конституциялық заңды жете білуі шарт. Олардың басты міндеті – сайлау процесінің заңдылық талаптарға сай және әділ өтуін қадағалау. Осы мақсатта олар қазір қала-аудан аумақтарында өз өкілеттігіне сәйкес жұмыс жүргізіп жатыр. Байқаушылардың айтуынша, әзірге облыс аумағында қандай да бір заңсыздық тіркелмеген әрі саяси ұйым өкілдері арасында да қырғи-қабақ қатынас кездескен жоқ. Байқаушыларды дайындау ісі келесі сәрсенбіге дейін толық аяқталады, дейді қоғамдық комиссия өкілдері.
– Қазір 180 байқаушы семинар-тренингтен өтті, қалған байқаушыларды қысқа мерзімде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясында және сайлау учаскелерінде болып, сайлауалды дайындық жұмыстарымен таныстық. Сайлау комиссиясының жұмыстары талапқа сай, өткен жылдарға қарағанда партиялар арасында сайлау мәдениетінің өскендігі байқалады, партиялардың өзара қарым-қатынастары жоғары деңгейде, – деп атап өтті Шынаргүл Қайырова.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.