Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астанада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-ші отырысына қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Өзбекстандық делегацияны Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Рустам Азимов басқарды.
Отырыс барысында өзара тауарлар жеткізуде оның түрлерін ұлғайтуға қатысты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері, екі елдің энергия жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Көлік саласында тараптар автомобиль, теміржол және әуе қатынасын дамыту үшін күш-жігер жұмсауға уағдаласты.
Оның сыртында Сыртқы істер министрлігі арасында келісімшарттық-құқықтық базаны ұлғайту мәселелері бойынша консультациялар өткізілді.
Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев пен Рустам Азимов тауарлар мен қызметтер саудасы, мұнай-газ секторы, көлік, туризм сияқты басымдыққа ие салалардағы мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі жалғастыруға деген ниеттерін білдірді.