АСТАНА. 12 наурыз. Солтүстік Корея әскерилері осы аптаның басында өзінің сүңгуір қайықтарының бірін жоғалтып алды. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
CNN телеарнасының хабарлауынша, мұны Американың осының жайынан хабарлары бар үш лауазымды тұлғасы жеткізген. АҚШ әскерилері осы уақыттарда Солтүстік Кореяның шығыс жағалауынан сүңгуір қайықтың жүзіп шыққанын бақылауда ұстап отырған. Бір кезде су асты кемесі өзінен өзі тоқтап қалған. Осыдан кейін АҚШ-тың тыңшы спутниктері, ұшақтары мен корабльдері КХДР флотының жоғалған субмаринді қалай іздегенін бірнеше күн бойы бақылап тұрған.
Құрама Штаттар жоғалған қайықтың тағдыры жөнінде нақтылы мәлімет білмейді. Оның дрейфке тап келгені не су астына батып кеткені әзірге белгісіз. Америка әскерилерінің болжамы бойынша, жаттығу кезінде сүңгуір қайық техникасы істен шығып қалған болуы да мүмкін.
Аймақта қазіргі күндері АҚШ пен Оңтүстік Кореяның кең ауқымды әскери жаттығулары жүріп жатыр. Осыған байланысты Пхеньян мұның алдында өз қауіпсіздігіне залал келетін болса, Сеул мен Вашингтонға превентті ядролық соққылар беретінін мәлімдеген болатын.
Талғат Райымбек.
Дерек: ras.kz.
Сурет: serke.org.