АҚТӨБЕ. 15 наурыз. Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша Ақтөбе өңірінде 14 наурызда көрісу мерекесі басталады. Осы дәстүрге орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың дамуына зор үлес қосқан танымал ақсақалдарды құттықтады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Дәстүр бойынша, жасы кішілер үлкендердің хал-жағдайларын біліп, отбасы амандығын сұрастыратын болған. Еңбек ардагері Сматулла Беркімбаев облыс басшысына көрісу мерекесін қазақтар ерекше салтанатпен атап өтетіндігін жеткізді. Таңертеңнен ең әдемі киімдерін киіп, көрші-көлемді жағалап, мүмкін болса, жақын маңдағы ауыл-аймақтарды аралап, дендерінің саулығын, амандығын білетін болған. Ұзақ жылдар бойы Байғанин, Шалқар және Темір аудандық партия комитеттерін басқарған ақсақалдың айтуынша, «көрісу» – қыстан аман шығып, көптен бергі кездесуді білдіретін болса керек. Сондай-ақ, бұл мереке көктем мен достық, бейбітшілікті білдіреді.
КСРО және Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, 88 жастағы Ниетжан Беріков көрісудің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.
Өз кезегінде өңір басшысы ақсақалдарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сондай-ақ, туған-туыстары мен жақындарына бақыт тілеп, әкімдік атынан естелік сыйлықтар тапсырды. Еңбек ардагерлері әкімге алғыстарын жаудырып, қызметте табыс тілеп, баталарын берді.
Көрісу дәстүрі әр отбасында, мәдениет үйлерінде, еңбек ұжымдарында мәдени шаралармен жалғасуда.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: azh.kz.