Ғалымдар оны ұйықтамағаннан да зиянды деп отыр
Ғалымдар тағы бір «құқайдың» бетін шығарды. Олардың айтуларынша, 6 сағаттық ұйқының адамның организміне келтіретін залалы ұйқысыздықтан да көп көрінеді. Американың Пенсильвания университетінің мамандары өз зерттеулерінің нәтижесінде осындай қорытындыға келіп отыр.
Оқу орнының оқымыстылары бұл орайда жастары 21-ден 38-ге дейінгі 48 адамның қатысуларымен эксперимент жүргізіп көрген. Олар бұл кісілерді төрт топқа бөліп алып, зерттеу жұмыстарын жасаған. Бұлардың бірінші тобы тәулігіне – 4 сағат, келесі тобы – 6 сағат, үшінші тобы 8 сағат ұйықтатылған. Ал соңғы топтың адамдары өз еріктерімен ұйқыдан мүлдем бас тартқан.
Тәжірибе жасалу барысында оған қатысушылар ұдайы өздерінің қимыл-қозғалыстары мен ақыл-парасаттарына қатысты тестілуден өтіп тұрған. Осыдан алынған нәтижелерді мұқият зерттеп, салыстырып көрген ғалымдар ең жоғары көрсеткіштің ұдайы сегіз сағат ұйықтаған топқа тиесілі екеніне көз жеткізген. Одан төрт сағат ұйықтағандардың тобы шамалы қалып қойған. Ал эксперименттің оныншы күнгі нәтижесінде тәулігіне алты сағат ұйықтағандар өз еріктерімен мүлдем ұйықтамағандардан да төменгі көрсеткіштерді көрсеткен. Бірақ алты сағат ұйықтаушылар осы күндердің барлығында да өздерінің шаршағандары және ұйқылары келіп тұрғандары жөнінде шағым айтып көрмеген.
Зерттеу нәтижесін жан-жақты тексеріп келген ғалымдар ақыр соңында 6 сағат ұйықтаушылықтың адамның ақыл-ойы мен қимыл-қозғалысына кері әсер етеді, деген ұйғарымға тоқтаған.
Мұрат АЙТҚОЖА.