Израильдің солтүстік атырабына жасалған экскурсия кезінде осы елде тұратын турист әйел ежелгі Рим дәуірінің алтын мәнетін тауып алды. Мамандар оны әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалық санап отыр. Бұған дейін мұндай теңгенің жалғыз түйір данасы ғана біздің заманымызға жеткен деп саналып келген еді. Оның алғашқысы қазір Британия музейі коллекциясында сақтаулы тұр.
Ал бұдан екі мың жылға жуық уақыт бұрын император Траян шығарған теңге оның алдындағы билеуші Октавиан Августің құрметіне арналыпты. «Бұл мәнет Траянның өзінен бұрынғы билеушіні есте қалдыру үшін қашап жасатқан дүниелерінің бір бөлігі болып табылады», дейді осы орайда Израиль ежелгі дүние басқармасының нумизматика жөніндегі маманы Данни Сион.
Мәнеттің аверс бетінде біздің дәуірімізге дейінгі 107 жыл көрсетілген. Онда сондай-ақ, «Құдайына қараған Август» деген жазуы бар Октавиан Августің беткі келбеті бар.
Жәдігерді кибуц тұрғыны Лора Римон шөптердің арасынан тауып алыпты. Ол туристік топтың құрамында археологиялық қазбалар жүргізіліп жатқан ауданға барған. Ал мынадай дүние табылған бойда экскурсовед оқиға орнына ежелгі дүние басқармасының өкілін шақыртқан. «Тауып алған теңгемнен айырылу оңай болған жоқ. Себебі, мұндай өте сирек кездесетін нәрсені күнде тауып тұрмайсың ғой. Бірақ мен оның жақын арада музейге қойылатынына сенгім келеді», – деді Рамон.
Айтқандай, билік оған бұл еңбегі үшін грамота ғана тапсырғалы отыр екен. Израильдің заңнамасы бойынша, ел аумағынан табылатын барлық археологиялық артефактілер мемлекет меншігі болып саналады. Оны тауып алған адам фактіні жасырса немесе саудаға айналдырса, қылмыс жасаған болып есептеліп, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.