Басқа сайыстардан сәл бөлектеу көрінген бұл фестивальге Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 122 әуесқой балықшы қатысты. Орталарында сегізі нәзік жандылар.
Бұл фестивальді Ақмола облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы «Көкше жиҺаз» ЖШС, «Торфей», «Клевый», «Рыбак»» «Зоо природа» дүкендерімен және «Алма ТВ» кабельдік телеарнасымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Жарыс екі кезеңнен тұрды. 3 минут ішінде мұздан ұяшық ұңғылау бәскесінде Юрий Лунга жеңімпаз атанды. Ол осы уақытта 8 ұяшықты бұрғылап үлгерген. Жүлделі орыннан Вадим Габдрахимов пен Денис Эйсман да құр қалмады.
Ал балық аулау жарысында әр қатысушыға екі жарым сағаттан уақыт берілді. Осы уақытта 41 балық ұстаған Виктор Евдокимов үздік деп танылды. Сондай-ақ, 40 балықты қармағына іліктірген Александр Жұмағатов екінші, 26-сын ұстаған Евгений Скальский үшінші орынды місе тұтты.
Жарыстың жекелей есебінде 47,5 ұпай жинаған Юрий Лунга топ бастаса, ал командалық есепте «Нарфин» балықшылары алдына қара түсірмеді.
Фестивальдің «Ең ірі балық ұстағаны үшін» жүлдесі Виктор Евдокимов пен Сәуле Оспановаға бұйырды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.