• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2016

Әбекеңнің ашқан жаңалығын әлем мойындаған

415 рет
көрсетілді

Су – тіршілік көзі. Шөліркеп, қаталап жатқан жерді ағын сумен суарған қандай керемет. Мұны, әсіресе, ауыл балалары жақсы біледі. Кенезесі кеуіп, шақырайған күннен топырағы қарс-қарс айырылып кеткен Жер-ананың жайылып аққан суды қылт-қылт етіп жұтып жатқанын анық сезгендей боласың. Хадисте айдалада шөлден өлгелі жатқан күшікке терең құдықтан аяқ киімімен су алып беріп, мақұлықтың жанын алып қалған келіншектің үлкен сауапқа ие болғаны туралы әңгіме бар. Шынында, шөлдегенге су беру, қаталап келгенге сусын ұсыну – сауапты іс. Міне, біз әңгіме еткелі отырған Әбдіманап Әбді­р­аманов ауылда өсіп, жастайынан судың сырына қанығып өсті. Балалық шағы өткен Қазы­ғұрт тауының етегі су­лы да ну­лы жер ғой. Бір атасы ауыл­да су мұрабы болатын. Сол кісі мұны өте жақсы көрді. Бәлкім, мұның болашақта мамандық таңдауына ауыл­дағы ағайынның сол сушы атасына деген ерекше құрметі, ыстық ықыласы әсер еткен болар. Әйтеуір, қаршадай жас бала қолына кетпен ұс­тап, арық жағалаған атасы сияқ­ты елдің алғысын алып, ризашылығына бөленгісі келгені анық. Сөй­тіп, сол ата­сының жетелеуімен Шым­­­­кент­­тегі техникумның гидромелиорация мамандығына оқуға түсті. Оны үздік бағамен бітіргеннен кейін ұстаздары мұ­ның таудай талабын байқап, Таш­кенттегі институтқа жі­бер­ді. Бірақ денсаулығы бо­лың­қырамай, кешігіп барды да, құжаттарын тапсырып үлгере алмады. Амал жоқ, Шым­кентке қайтып келіп, пе­динституттың физика-математика факультетіне құжат тапсырып, бағы жанып, оқуға түсіп кетті. – Шамасы, мен су шаруашы­лығының физика-математика аспектілерімен айналысатын кезіне дөп түсіп қалдым-ау деймін, – дейді Әбдіманап Әб­­ді­раманов. – Мамандық алғаннан кейін Қазақ ғылыми-зерттеу институтында еңбек жо­­лымды бастап, ғылыммен шұғылдандым. Сол жылдары ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылып жатқан су насостарының қалақшалары тез желініп кететіні үлкен проблема болды. Сумен енген құм шыр айналып тұрған қалақшаға күш салып, желініп кетуін жылдамдатады. Маған басшылар судағы құмды насосқа келмей тұрып бөліп тастауды тапсырды. Бес жыл осы мәселемен айналысып, ақыры мұның әдісін таптым. Сөйтіп, судағы құмды бөлетін арнайы құрылғы жасалды. Осы еңбегім үшін техника ғылымдарының кандидаты атандым. Қайда да болса білікті маманға сұраныс көп. Сол жыл­дары Жам­был гидро­мели­о­ративтік институты тео­риялық механика кафедрасы меңгерушілігіне конкурс жариялап, келген үміткерлер кө­ңілінен шықпады ма, әйтеуір, біразға дейін дүркін-дүркін жұ­мысқа шақырған жарнама беріп жатты. Ғылыми-зерттеу институтының белді мамандары бұған: «Сен осы қызметке дөп келіп тұр­сың, құжаттарыңды тап­сыр», деген ұсыныс айтты. Алғашында құлақ аса қой­маған еді. Кейіннен келі­суге тура кел­ді. Институт рек­торы жас та, жігерлі Марс Үркімбаевтың өзі әңгімелесті. Жас маманның алдағы жос­парларын сұрады. Білімін, біліктілігін байқады. Сөйтіп, 1976 жылы кафедра мең­­­­герушілігіне тағайындалып, Жамбыл қаласына көшіп келді. Міне, содан бері 40 жылдан астам уақыт зымырап өте шығыпты. «Дарақ бір жерде көгереді», деген. Әбдіманап аға да осы жылдар ішінде ешқайда қызмет ауыстырмай, осы оқу орнында тапжылмастан еңбек етіп, үлкен абыройға бөленді. Бір кездері институт, бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті деп аталатын оқу орнында әлі күнге дәріс оқып келе жатқан профессор Ә. Әбдіраманов 335 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 9 монография, 1 оқулық, 5 оқу құралы, 120 өнертабыстарға берілген патент бар. Әбекең мыңдаған шәкірттерге білім берумен қатар, ғылым жолын қуған ондаған ғалымдардың тәлімгері. Оның ғылыми жетек­­шілігімен 4 ғылым док­торы, 5 РhD докторы, 10 ғы­лым кандидаты, 11 магистр дис­­сертациясын қорғады. Ғалым­ның аты, еңбектері әлем­­­ге танымал, су саласына қа­тыс­­ты ғылыммен айналыса­тын ға­лымдар мен мамандар арасында жоғары беделге ие. – Қазір желден, күннен, судан энергия алу өте маңызды іс болып тұр, – дейді бізбен әңгімесінде Әбді­манап аға. – Содан болар, келесі жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі басты тақырыбын осы мәселеге арнап, энергияның баламалы түрлерін табуды міндетіне алып отыр. Біз­дің университетте су көздерін табу және оны пайдалану деген мамандық бар. Елімізде судың қадірі өте күшті. Экономиканы алға сүйрейтін саланың бірі – су шаруашылығы. Сондықтан, бұл мамандық аса қажет. Мал шаруашылығын өркендетеміз деп жатырмыз. Ол үшін шөл-шөлейтке су жеткізу керек. Бұған су мамандары керек. Сумен қам­тамасыз ету, гидромелиорация, су­дан энергия алу, суды биік жер­лерге шығарумен осы біз дайындайтын мамандар айналысады. Университеттің ғылыми жаңалықтарын ТМД түгілі бүкіл әлем мойындаған. Гер­мания былтыр менің кітап­тарымды сұратып алып, өздері шығарып, таратты. Тіпті, интернетте де бар. Қазақстанда энергияның әлеуеті өте жоға­ры. Тек аянбай еңбек ету керек. Ғылымда заңдылықтар мен жа­ңа­лықтарды оны ашқан адамның атымен атау дәстүрі қалыптасқан. Ғалымдар осы дәстүрге сәйкес Ә.Әбдіраманов ашқан бірқатар жаңалықтар мен заңдарға оның есімін беріп отыр. Мысалға бүгінде Әбдіраманов күші, Әбдір­аманов теңдеуі, Әбдіраманов заңы, Әб­діраманов сферои­ды, Әбдіраманов тығыны, Әбдіраманов беті деген терминдер ғылымда жиі кездеседі. «Әке көрген оқ жонар, ше­ше көрген тон пішер» деген, Әбе­кеңнің үш баласы да су саласының мамандары. Үшеуі де техника ғылымдарының кандидаты. Зайыбы физика пәнінің мұғалімі. Қызы мұнай-газ саласы бойынша университетте сабақ береді. Ендеше, Әбдірамановтардың ғылым саласындағы еңбектері жалғасын тауып, елге көл-көсір табыс әкеле бергей дейміз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.