• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2016

Бизнестің буынын бекіту қадамдары

295 рет
көрсетілді

Өңір экономикасының дамуында жыл өткен сайын шағын және орта бизнестің үлес салмағы артуда. Бұған кәсіпкерлікті қол­даудың да серпін беріп отырғаны ақиқат. Облыста «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 236 кәсіп­керге 3,8 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында бизнесті қолдау тетіктерін пай­да­ланған ауыл кәсіпкерлері са­ны екі есеге артты. 2015 жылы 104 адам мемлекеттік қолдауға ие болды. Облыс бойынша мемлекеттік бағдарламаны пайдаланғандар арасында Хромтау, Мұғалжар және Алға аудандары кәсіпкерлерінің үлесі басымдау болып отыр. – 2015 жылы бағдарламаға жаңа талаптардың енгізілуі өтініштер­ді қарау уақытын қысқартты, бұл өз кезегінде көрсеткіштер­дің жақ­­­­­саруына себеп болды. Өткен жылдың наурыз айында сомасы 180 миллион теңгеден аспайтын несиелерді кепілдендіру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде мұндай несиелер аймақтық үй­лестіру кеңесінің қарауынсыз беріле бастады. Мемлекеттік қол­дауға ие болған нысандар саны 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты, – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бағжан Тілегенов. Оның айтуынша, кәсіпкерлерді қаржылай қолдау жұмыстары 2016 жылы да жалғасатын болады. Оған республикалық бюд­­жеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 250 шағын және орта бизнес нысандарын қолдауға жұмсалады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қол­дауға 1 миллиард теңгеден астам инвестициялық қаражат қа­растырылған. «Бәйтерек» ҰБХ», «ҚазАгро» ҰБХ», «ХГ АЛМЭКС» акционерлік қоғамдарымен ке­лісілген өзара ынтамақтастық жө­ніндегі меморандумдарға сәйкес облысқа қосымша 1,2 миллиард теңге тартылады деп күтілуде. Бұл қаражат 10 және 15 миллион теңге шамасында ауылдық кә­сіпкерлерге және өз ісін жаңадан аш­қандарға шағын несие ретінде 8,3 пайызбен беріледі. Жалпы алғанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла басталғалы мың­нан астам ақтөбелік кәсіпкер қар­жылай қолдауға ие болды. Облыс аталған бағдарламаны орындауда Алматы, Павлодар қала­ларымен бірге алғашқы көшбасшы үштіктің қатарына еніп отыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.