• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2016

Арман алға жетелейді

960 рет
көрсетілді

Адамзат баласының санасында «Арман алға жетелейді» деген жақсы түсінік бар. Жаңа жылдың басы, дәлірек айтқанда, 2016 жылдың 6 қаңтарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы Қазақ елінің ХХІ ғасырдың ортасында әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуымызды жеделдете түскендей әсер берді. Нешеме замандар бойы тәуелсіздікті аңсап толғаған ақын-жырауларымыз бен кешегі Алаш қайраткерлерінің асыл арманы ширек ғасыр бұрын ғана жүзеге асты. Ұлы Дала елі деп аталған жаңа Қазақстанның «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына ие болуы халқымызды шексіз қуанышқа бөледі. Қазақ елі деген ардақты атқа ие болып, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын орнықтыру ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының қол жеткізе алмай кеткен асыл арманы еді ғой. Өткен дәуірге бармай-ақ, Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» емес, «Қырғыз хрестоматиясы» деп аталған кезеңнен бергі уақытты еске түсіріңіз... Біз бақытты ұрпақпыз. Тәуел­сіздік жолында қыршынынан қиы­лып, шейіт кеткен аяулы азаматтарымызды еске ала отырып, бүгінгі күнімізге мың бір мәрте тәубе айтуымыз керек. Осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасы Тәуелсіздігімізді жариялағанда, талай адамның көз жасын тия алмай, еңсесімен еңкілдеп жылағанын өз көзіммен көріп едім. Бір ғана мысал келтірейін. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын-сатирик Қажытай Ілиясұлы: Ақынды демеп, батырды елеп жатсақ та, Босадым ойлап, перзенттеріңнің тағдырын. Елбасына көріскім келді, сондықтан, Перзенттеріме тұмар ғып, күллі Жарлығын! – деген екен. Елбасының 2015 жылы 27 мамырда жарияланған «100 нақты қадам» атты Ұлт Жос­па­рын тәуелсіз Қазақ елінің тұмарына балауға болады. Мұнда қазақстандық дамудың жаңа бағыты нақты белгіленіп, «1) Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру; 2) Заңның үстемдігін қамтамасыз ету; 3) Индустрияландыру және экономикалық өсім; 4) Біртектілік пен бірлік; 5) Есеп беретін мемлекетті құру» орайындағы 5 институттық реформаны жүзеге асыру көзделген еді. Содан бергі жарты жылдың ішінде жаһандық қиындықтарға қарамастан, шетелдік дамыған мемлекеттермен біріктіретін экономикалық ынтымақтастықтың Қазақстанда тұратын барлық халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жарқын жаңғыртулардың куәсі болып отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген бағдарламалық мақаласындағы негізгі ой жоғарыда аталған бес президенттік ре­форманың төңірегінде өрбиді. Өйткені, осы бес институттық реформаны жүзеге асыру – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылуы деген сөз. Осыдан келіп Қазақстанның экономикасын дамытып, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін шешуге даңғыл жол ашылды және ол заңдық тұрғыдан бекітілді. Қарқынды түрде шұғыл атқарылып жатқан осы жұмыстар Елбасымыздың да­ра жол, сара саясатының нәтижесі деп білеміз. Сондықтан да сан мыңдаған шәкірт оқытып отырған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни­верситетінің ұжымы да мұны тек біліп қана қоймай, сондай-ақ, практикалық өмірде де қазақстандық арманның жаңа ағысына ілесе білуіміз қажет. «Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру» деген бірінші реформа – «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиім­ділігін арттыру үшін мем­­лекетті кәсібилендіруге бағытталған. Ендігі жерде мемлекеттік қызметкерлер конкурс және меритократия қағидаттары арқылы іріктелетін болады, яғни бәсекеге лайықты дарынды және еңбекқор адамның қоғамдық мәртебе иеленуге мүмкіндік беретін алғы­шарттары толық жүзеге асатын болады. «Билік, басқару» деген мағына беретін меритократия ұғымының алғашқы негізі Грекияда жатыр. 1973 жылы америкалық ғалымдар – бюрократия мен технократияны жоюға септігін тигізетін басқарудың жаңа қағидаты ретінде «лайықтылар билігін», яғни меритократияны тәжірибеге енгізе бастады. Бұл жерде қадап айта кететін бір мәселе – меритократия қағидаттарының бірінші рет Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақ елінде ғана мемлекеттік заңға енгізілуінде. Биылдан бастап, заңды түрде жүзеге асатын осы қағидаттарға сай келген мемлекеттік және өкілетті қызметкерлер Ұлы Дала елінің мәртебесін асырып, атағын асқақтата түседі деп ойлаймыз. Бірінші реформа бойынша мақаладағы ең маңызды мәселе – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік құрылымында «Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросының» ашылып, тек мемлекеттік қыз­мет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқор­лықтың барша көріністерінің алдын алуға бағдарланған жүйенің де жаңғыртылуы дер едік. Осындай ұстанымдарға негізделген Жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң халықаралық стандарттарға бағдарланып, жаңа жылдан бастап күшіне енді. Сондай-ақ, қазақстандық азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін – этика бойынша өкілетті өкілдер жаңа институтының құрылуы жобасы да көңілге медет. Заңның үстемдігін қамтамасыз ететін «Құқық тәртібі және заңдылық» деп аталған екін­­ші реформа тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақ­станның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталған. «Индустрияландыру және экономи­ка­лық өсім» атты үшінші реформаны «Бю­ро­краттық шығынсыз экономикаға қа­дам басу» деп оның нақты бағытын айқындап береді. Мұнда индустрияландыру мен эконо­микалық өсімді қамтамасыз ету кешенді түрде жүзеге асырылмақ. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап-қорғаудың тиісті дең­гейі қамтамасыз етіледі. Осыған байланыс­ты еркін бәсекелестік жан-жақты дамитын бо­лады. Ал «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші реформаға байланысты «Инновациялық индустрияландыру көкжиектері» бөлімінде Парламент, Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік рәміздер, мәдениет және тарихи-мәдени мұралар, туризм, үкіметтік емес ұйымдар қызметі, тағы да басқа күнделікті тұрмысқа қажетті экономикалық мәселелерді толық қамтып, өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілгенін нақты айтып берген. Төртінші реформаның негізі бағыты – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Мұндағы күтілетін нәтижелер – «Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйымына мүше» елдерімен ортақ. «Есеп беретін мемлекетті құру» деген бесінші реформа бойынша «Әлеуметтік жаңғырту ынталандырушыларына» еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыру үдерісіне айрықша назар аудару қажет екенін баса көрсетеді. Еңбек шарты, жұмыс­шылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздері, сонымен бірге білім беру, ден­саулық сақтау және халықты әлеуметтік қор­ғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапа­сын арттыруға жағдай жасайтындығы сөзсіз. 2017 жылы күшіне енетін «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасының жүзеге асырыла бастағаны, қазіргі жағдайды көзге елестеткенде, үлкен жетістігіміз емес пе? Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Сондай-ақ, білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болуы да жаңа Қазақстанның жаңа жетістігі деп білгеніміз жөн. Әлемдегі дамығаны бар, дамымағаны бар, қай мемлекетке барсаңыз да, ағылшын тілін білген адам ғана жан бағып кете алады. Ал іргеміздегі мәдениетіміз бен әдебиетіміз мидай араласып кеткен орыс тілін білмеуге тағы болмайды. «Жиырма бесінші қара сөзінде» Абай «Білім – орыста. Дүниенің кілті – орыста» дегенде олар дамыған басқа елдің тілін, оқу­ын, ғылымын үйрену арқылы «дүниенің тілін білді, сен де солай ет, оқуын, ғылымын үйрен де, сен де онымен тең дәрежеде болуға ұмтыл» деген жетелі ойға жетектеген еді. Бүгінгі күні тағы да Абай рухы «дүниенің кілтін тапқың келсе, басқа елдің тілін үйрен» дейтіндей көрінеді. Елбасының мына бір сөзі бойымызға қуат, жанымызға шуақ себелейді: «Ұлт Жос­парын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлт­тың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін ке­ңей­теміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүм­кіндіктерді пайдаланамыз. Біз Қазақстанның осынау тари­хи тағдырына сенеміз. Біз өзіміздің қазақ­стандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түр­де қол жеткізетін боламыз!». Міне, Ел­ба­сының осы сөзі біздің болашаққа деген се­німі­­мізді нығайтып, асқақ армандарға жетелейді. Руда ЗАЙКЕНОВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни­вер­ситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. АЛМАТЫ.