Көкшетаудағы «Достық» үйінде облыстық әкімдіктің қолдауымен Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі қайырымдылық аукционын ұйымдастырды. «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы аясындағы шара Үміт есімді сәбиге қаржылай көмек көрсету мақсатында өткізілді.
– Бәріміздің күнделікті өміріміз қарбаласқа толы. Сол қарбалас тіршіліктің қарекетін жасаймыз деп жүріп, көмекке мұқтаж жандарды ұмытып кететініміз де шындық. Бірақ, бір сәтке айналамыздағы адамдарға көз салып, қолдан келгенше жәрдемдесуге көңіл бөлуіміз қажет. Өзгелерге жақсылық жасау нағыз азаматтықтың белгісі, – деді қайырымдылық аукционын ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.
Осыдан кейін бес лот ойнатылды. Сатылымға «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы және өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы оқушыларының қолымен жасалған әртүрлі шығармашылық жанрдағы бұйымдар қойылды. Қолөнер мен қайырымдылықты ұштастырған мектеп оқушыларының игі істің ұйытқысы бола білуіне жұртшылық ризашылығын білдірді.
Аукцион барысында залда жиналған қауым әрбір лотты қалт жібермей, белсенділік танытты. Алдымен ағаштан ойылған «Алтын балық» саудаға қойылды. Оны Көкшетаудағы «АП-Импекс» серіктестігінің директоры Жұмабай Әміржанов бастапқы құнынан он есе артық бағаға сатып алды. Осыдан кейін-ақ белсенділік арта түсті. Жұртшылық Ақмола облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мұнарбек Батырхановтың, «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Артеменконың, тағы басқалардың жомарттығына қол соқты.
Шара қорытындысында, арнайы құрылған есеп комиссиясы жиналған қаражатты санап, оны Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова сырқат сәбидің анасы Гүлнәр Зейнуллинаға тапсырды.
Сырқат сәбидің анасы бала тағдырына жанашырлық танытқан «Аналар кеңесіне», қайырымды жандарға, қиын сәтте демеу болған жалпы жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Жиналған қауым кішкентай Үмітке жасалатын алдағы күрделі оталардың сәтті өтуіне, көп ұзамай құлан-таза сауығып кетуіне тілектестігін айтты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.