Кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «BI Жұлдызай-2016» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының XI Республикалық фестивалінің басталуына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.
Фестивальдің негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың үлкен сахнадан көрінуіне көмек көрсету. Осы он бір жыл ішінде фестивальге 36 583 бала қатысып, одан жүлдегер атанғандар Bala Turkvisyon байқауында бақ сынап, Белая Трость фестиваліне жолдама алып, енді бірі, 2015 жылғы МУЗ-ТВ сыйлығына қол созғандармен бірге өнер көрсетіп жатса, солардың қатарында осы фестивальдің арқасында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті атанып үлгерген дарынды жастар да бар. Фестиваль жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ, облыстық және қалалық білім беру басқармаларының қолдауымен өткізіліп келеді.
Биылғы жылы бірінші іріктеу кезеңі 5 сәуірде басталады деп жоспарлануда. Қазылар алқасының құрамында Қор жетекшілері мен қазақстандық эстрада жұлдыздары болады. Олар еліміздің 16 қаласын, дәлірек айтсақ, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды және Астананы аралап шығады.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін «хореография», «вокалдық орындау», «аспаптық орындау», «әнді ишарамен орындау», «сәндік-қолданбалы шығармашылық», «бейнелеу өнері» аталымдары бойынша бағалайды. Аралық қорытындылар мен жеңімпаздар плэнері республикалық «Балдәурен» балалар лагерінде өткізілетінін естеріңізге саламыз.
Екінші іріктеу турына өткен қатысушыларды қызық мазмұнды бағдарлама – еліміздің басты сахнасында өнер көрсету, шеберлік сыныптары, экскурсиялар, көрмелер, танымал отандық жұлдыздармен кездесу, жаңа достармен танысу және тамаша мерекелік ауан күтіп тұр.
Балалар шығармашылығын өрістетуге бағытталған өнер бәсекесі дәстүр бойынша Балаларды қорғау күні – 1 маусымда «Қазақстан» Орталық концерт залында тәмамдалады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».