«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XIX конференциясы өткізілді. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бұған дейінгі филиал төрағасы Нұрлан Ноғаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнына өткен аптада Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Алтай Көлгіновті ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесінде ол «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болып бірауыздан сайланды.
Ал екінші мәселеге орай филиалдың саяси кеңесінің құрамына кейбір өзгерістер енгізілді. Бұдан соң жаңадан сайланған филиал төрағасы А.Көлгінов сөз алып өзіне көрсетілген сенім үшін конференцияға қатысушыларға алғысын білдірді. Жетекші саяси күшке айналып келе жатқан «Нұр Отан» партиясының филиалына жетекшілік жасау – үлкен жауапкершілік. Оның бастамасымен іргелі істер тындырылуда. Әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан да шешімін тапқан істер баршылық, дей келіп, Алтай Сейдірұлы жауапкершілік пен сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Президент, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру және Ұлт Жоспарын орындау жөніндегі облыстық филиалдың жұмысы туралы филиал төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен баяндап берді. Мұның ішінде ол бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамға» байланысты атқарылып отырған іс-шараларға жан-жақты тоқталды.
Жарыссөзге шыққан филиал
саяси кеңесінің мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттарға «Нұр Отан» партиясы атынан ұсынылған 195 үміткер түгелдей депутат болып сайланғанын айтты. Ал Бөрлі аудандық «Конденсат» АҚ-тың менеджері Наталья Панкратова өз ұжымындағы нұротандықтар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға бастамашы болып отырғандығын айтты. Мұның ішінде мұнай өнімдерін өңдеу бағдарламасының орны бөлек. Бұл жүйедегі «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне сергектік пен сенімділік, икемділік, кәсіби шеберлік пен төзімділік тән деді ол. «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Біржан Кухаев Мәңгілік Ел идеясы мен Ұлы Дала елі жобасын ұлықтау «100 нақты қадамның» ішіндегі мәні мен маңызы зор іс екенін жеткізді.
Конференцияны А.Мырзахметов қорытындылап, өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауларындағы нұротандықтардың жеңісі тарихи жеңіс болғаны жөнінде ой сабақтады. Бұл – барша сайлаушылар елдіктің көрінісін көрсете білгеннің нәтижесі. Барша қазақстандықтар Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңына тығыз топтаса бастағандығының белгісі. Бұл жетістікті әлемдік қоғамдастық та мойындап отыр. Ендігі міндет сайлау алдында белгіленген бағдарламаны нақты іске асыру болмақ, деді Асқар Исабекұлы. Ол, сонымен бірге, А.Көлгіновтің де өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып кететініне сенім білдірді.
Конференцияға қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.