Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Комиссия отырысын ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында Қазақстан экономикасын әртараптандыру және индустрияландыру үшін дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта құруларды іске асыру бойынша мемлекеттік міндеттерді орындауға қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлау жүйесін барынша дамытуды тапсырды, деп атап көрсетті.
Мемлекеттік хатшы Ұлт Жоспарында айқындалған міндеттер бойынша халықаралық деңгейдегі отандық кәсіпқойлар шоғырын қалыптастыру үдерісіндегі стипендияның рөлін атап өтіп, осыған орай, алдағы уақытта конкурстық іріктеу сапасын жетілдіру бойынша бірнеше іс-шаралар өткізілетінін тілге тиек етті.
Биылдан бастап стипендия алуға үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілгені белгілі. Дәлірек айтсақ, шет тілін білу деңгейіне, дипломының орташа балына, жұмыс өтіліне қатысты бірталай өзгерістер енгізілген болатын. Сонымен қатар, 163 позициядан тұратын басым мамандықтар тізбесі жаңартылды, оның 41 пайызы инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға бағытталған.
Комиссия отырысында «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының жобалары үшін мақсатты тапсырыстар негізінде мамандарды даярлауға бағытталған тағылымдама бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының конкурсына қатысу үшін қызметкерлер санатының анықталғанын да айта кетсек дейміз.
Отырысты қорытындылай келе, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру тетігінің тиімділігін одан әрі жетілдіру және арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».