• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Етікші қыз

477 рет
көрсетілді

Етікшілік – екінің бірінің қо­­лынан келе бермейтін кәсіп. Соның ішінде бұл кәсіпке нәзік жан­ды­лардың ден қоюы да сирек. Алайда, көңілің қалаған кәсіпке ешкім де кедергі бола алмайтыны және бар. Таңның атысы, күннің батысы біз бен тебенді, балға-шегені жанына серік еткен нәзік жан Жанна Құрманғалиева етікшілікті шеберлік пен аса ыж­да­ғаттылықты, төзімділікті, нағыз еңбекті қажет ететін кәсіп деп есептейді. Оның етікші мамандығын игер­геніне 15 жылдан астам уа­қыт болды. Әдетте, ер азаматтар ғана шұғыл­данатын бұл кәсіпті мең­герген етікші қыз «Қаз­хром «ТҰК» АҚ фи­лиалы – Ақтөбе фер­ро­қорытпа зауыты әкім­шілік-шаруашылық бөліміне қарас­ты аяқ киім жөндеу шеберха­насында еңбек етіп келеді. «Ерінбеген етікші болады» деген қағиданы басты назарда ұстаған Жанна етікшілік кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгеріп, әбден ма­шық­танған жан. Зауыттың аяқ киім жөндеу шеберханасы болған­дықтан маусымға байла­нысты қыс мезгілінде жұмыс­шы­лардың байпақтарын ретке келтіру, жаз, күз айларында етіктерге табан жапсырып, жамап, желімдеп жөндейді. – Біз әулетімізбен етікшілікті кәсіп етіп келеміз. Менің осы кә­сіпті меңгеруге ағаларымның ықпа­лы зор болды. Ағаларым Шым­болат, Ислам етікшілік кәсі­бінің майын ішіп, жілігін шаққан өз ісінің шеберлері. Ал Шымболат ағамның етікшілік кәсіпті дөңгелетіп келе жатқанына 20 жыл болып қалды. Жеке шеберханасы бар. Солардың ізін жалғастырып, бар өмі­рімді осы кәсіпке арнап, нәсібімді та­уып жүрмін. Оған еш өкінбеймін. Керісінше, екінің бірінің қолынан келе бермейтін тиянақ­тылықты, шебер­лікті, шыдам­дылықты талап ететін осы маман­дықты игергенімді мақтан тұтамын. Мен алғаш рет Шым­болат ағамның аяқ киім жөндеу шебер­ханасында еңбек етіп, осы салаға машықтандым. Қаламыздағы электриктер да­йындайтын колледждің түлегімін. Мамандығым электр монтері бола тұрса да етікшілікті таңдадым. 15 жылдық іс-тәжірибемде жөн­дел­ген аяқ киімдерге сын айтып, реніш білдірген тұтынушы бол­ған емес. Керісінше, алғыс айтып кететіндердің қатары көп. Сон­дықтан да елдің ықыласына бөлену мен үшін бір ғанибет, – дейді етікші қыз Жанна. Етікшілердің еңбегі шынымен де бағалауға тұрарлық. Өйткені, аяқ киім жөндеу шеберханасына бір кіріп шыққанның өзінде аяқ киім­дерден шығатын және жапсыр­маның жағымсыз иістері адам­ға жай­сыздық туғызатыны белгілі. Осындай жайсыздыққа қарамас­тан нәпақасын тауып, тұтыну­шылардың көңілінен шығып отыр­ған етікшінің еңбегі шынымен баға­лауға тұрарлық. Өз кәсібінің ше­бері әрдайым шеберханаға келген зауыт­тықтарды жылы шыраймен қарсы алып, көңілін табуға тырысады. Әріптестері де Жаннаның осы қасиеттеріне және өз кәсібін жетік білетініне сүйсіне қарайды. «Біздің етікші қыз Жанна» деп еркелетіп, мақтан тұтады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.