• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Ісмер

575 рет
көрсетілді

«Адам көркі – шүберек» де­ген сөздің астарында терең мән бар. Заманның талабына сай тал­ғаммен киіну – қазіргі өлшеммен алғанда табысқа бастайтын ал­ғышарттың бірі. Қарағандылық кәсіби тігінші, талантты конструктор-модельер Әлфия Гумарова осындай ұстанымға жүгінеді. Әлфияның анасы да өз ісінің хас шебері. Манзума Жүнісова облыс орталығындағы тігін цехында еңбек етті. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары бұл цехтың аума­ғы атшаптырымдай болушы еді. Бір мезгілде құрамында 6-7 тігіншіден бар 5-7 бригада қатар жұмыс істейтін. Ол кезде шетелдік киімге екінің бірі қолы жете бермеуші еді. Сондықтан да жұрт киімнің барлық түріне тапсырыс беріп жататын. Әлфия бес жасқа толғанында анасы Алматыға барып, модельер мамандығы бойынша білім алды. Одан кейін Ригаға аттанып, ол жақта пішуші-модельер курсында оқыды. Бір сөзбен айтқанда, өз ісіне шын берілген еңбекқор жан ізденуден бір танбады. Анасының жанында жүріп Әлфия да көргенін көкейіне түйе берді. Сол кездің өзінде талапты қыз қуыршақтарына арнап киімді өзі тігіп алатын. Әлфия 10-шы сынып оқып жүргенінде өзіне арнап сәнді киім­дерді тіге бастады. Біреудің үстінен өзіне ұнаған киімді көре қалса болды, үйге келе сала соны айнытпай пішіп, тігіп ала қоятын. «Ана көрген тон пішер» деген осы ғой! Орта мектепті аяқтаған соң, Таулы Алтай технологиялық тех­никумына түсті. Оқуын бітір­геннен кейін анасы жұмыс істей­тін «Сарыарқа» фирмасында еңбек жолын бастады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқы­рауда тігін цехы жабылды да, өң­кей шебер тігіншілер жан-жаққа тарап кетті. Амал жоқ, Әлфия да үйде отырып, киім тігуге мәжбүр болды. Бірде ол дүңгіршектен «Бур­да» сән журналын кездейсоқ көріп қалды. Әлфия осы журналды қолынан тастамай, өздігінен талмай үйреніп, талай сәнді дүниелерді өмірге әкелді. Сөйтіп жүргенінде Саят Досыбаев деген тележурналистің «Мода экс­клюзив» деген авторлық бағдар­ламасына шақырту алды. Мұнда Әлфия эфирде Энна Бурда жүйесі бойынша киім пішу курсын жүргізетін болды. Бір қызығы, телевизиялық шағын шеберхана Әлфияның үйінен орын алған еді. Бұл кез еркін шығармашылыққа есік айқара ашылған жылдар болды. Жалпы, жоба үш жылдай жемісті жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде талай жас тігінші, дарынды пішушілер өмірге жолдама алып, кәсіби маман ретінде қалыптасты. Телевизиялық жобадан кейін Әлфия да өз алдына жеке кәсіп ашып, жұмыс істей бастады. Өзі­нің шағын ғана ұжымымен күні бүгінге дейін киім тігіп, сәнді киінгісі келген жерлестерін тамаша дүниелермен қуантып келеді. Әлфияны ұлағатты ұстаз деп те бек сеніммен айтуға болады. Ол өз шеберханасында сәндік пішу сабақтарын өткізеді. Өңірдің әр тарабынан ондаған қыз-келіншектер келіп, шебердің қалыптасқан нұсқаулығы бойынша тігін ісінің қыр-сырына қанығады. Бұл жерден оқып-үйреніп, тәлім-тәрбие алған жас тігіншілердің көбісі қазіргі уақытта өз алдына іс бастап, жерлестерін сәнді киімдермен қамтамасыз етіп жүр. Әлфия отбасында да үлгілі ана. Отағасы екеуі үш ұлды тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі күнде Әлфияны кәсіби тұрғыда мазалайтын мәселе аз емес. Соның бірі туралы ол бы­лайша ой толғайды. «Қазір Қара­ғандыда қолы алтын мықты ті­гіншілер көп, – дейді Әлфия. – Осы шеберлердің басын қосып, ортақ іске жұмылдырса ғой. Өкінішке қарай, қарағандылық тігіншілер күнкөріс қамы үшін Астанаға барып жұмыс істеу­ге мәжбүр... Ал Қараған­дыға Түркия мен Бішкектен арзан тауарлар әлі ағылып келіп жатыр...». Әлфия Гумарованың тігін сала­сында жүргенінің өзіне де қы­рық жыл болыпты. Өз ісін кәсіби тұр­ғы­да әбден меңгерген конструктор-модельерге бері­ле­тін тапсырыс та әралуан. Кеңсе киімі, кешкі және үйлену тойының көйлектері, паль­толар мен тондар, джинсы, би киім­дері дейсің бе, осының бәрі де Әл­фияның шеберханасынан тұты­ну­шыларына тікелей жол тартып жатады. Тап­сырыс бергендер бұйым­ның сапа­сына қарап таңдай қақса, ал олар­дың көңілдерінен шығу деген Әлфия және оның команда­сына да зор мерей. Қазіргі таңда Астана мен Алма­тыдан да талғамы жоғары жан­дар тара­пынан тапсырыс түсе бас­таған. Бұл енді кәсіби шебер­лікті мойындау деген сөз! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ. Суретті түсірген Линар ГАЛИМОВ.