АСТАНА. 3 сәуір. Қауіпті зика безгегі әлемнің 47 елінде өршіп тұр. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осыған дейін аталған эпидемияның 43 мемлекетке тарағаны жөнінде ақпарат тараған. Ал осы жылдың қаңтар айында еліміздің тұтынушылар құқығын қорғайтын комитет Оңтүстік Америкада таралған зика безгегіне аса сақтықпен қарауды ескерткен болатын.
Айта кетейік, зика әсіресе, жүкті әйелдер үшін қауіпті. Жүктіліктің алғашқы 12-16 аптасында жұқтырған болашақ анадан микроцефалиямен ауырған нәресте дүниеге келеді. Микроцефалия сәбидің бас сүйегі мен ми құрылысының дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл кезде арнайы вакциналар еш көмектеспейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індеттің 2015 жылы Бразилиядан таралғанын мәлімдеді. Бүгінде бұл елде 6800-ге жуық нәрестеде микроцефалия мен неврологиялық ауытқулар байқалған. Осының салдарынан 208 сәби шетінеп кетті.
Аян Әбдуәли.
Дерек, фото: РИА «Новости».