АҚТӨБЕ. 4 сәуір. Еуразиялық топ құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының бірінші ұсатып байыту фабрикасында орнатылған гидрожіктеме сынақтан сәтті өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жаңа қондырғының арқасында енді байытылуы қиын шлам қалдықтарын қайта өңдеп, одан қосымша концентрат алуға болады.
2015 жылы бірінші ұсатып байыту фабрикасында «Сетко Қазақстан» компаниясы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өнеркәсіптік гидрожіктеме қондырғысын әкеліп, орнатқан болатын. Бұл қондырғы ұсақ түйіршікті материалдарды ірілігі мен қалыңдығына сәйкес бөлшектеп, шикізатты гравитациялық байытуға дайындау үшін қолданылады.
Жаңа өндірістік желі сынақ жұмыстары кезеңінде өзінің тиімділігін танытты. Қондырғы бұған дейін өндірістік қалдық саналып келген байытылуы қиын шлам қалдықтарын қайта өңдеп, қосымша байытуға алғышарт жасайды. Осылайша бұрын сушаю картасына жөнелтіліп келген шлам қалдықтарынан ендігі жерде негізгі компонент – хромды бөліп алуға болады. Өз кезегінде бұл айына қосымша 800 тонна концентрант өндіруге мүмкіндік беріп отыр.
«Осы құрылғы жұмысының нәтижелерін ескере отырып, тағы да бір гидрожіктеме қондырғысын сатып алу жөнінде шешім қабылданды», деді ұсатып байыту фабрикасының бас технологы Александр Лухменов.
Бұл еуразиялық топтың 2016 жылға арналған тауардың өзіндік құнын 10 пайыз төмендету және тиімділікті арттыру жөніндегі бағдарламасының негізігі бағыттарының бірі болып табылады.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, фото: egemen.kz