• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2016

Көкшетауда аукционнан 3 млн. теңгеге жуық ақша жиналды

351 рет
көрсетілді

АҚМОЛА. Көкшетаудағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі облыстық әкімдіктің қолдауымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы шеңберінде аукцион өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлайды. Науқас балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған бұл шараға облыстық басқармалардың басшылары, кәсіпорындардың жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер қатысты. Қайырымдылық акциясының ашылу рәсімінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға ниет білдірген азаматтарға алғысын білдірді. «Облысымызда мүмкіндігі шектеулі, өмірге құштар жандар аз емес. Олар қайырымды азаматтардың көмегіне мұқтаж. Сондай жандарға қол ұшын беру қалыпты нәрсеге айналуы керек деп есептеймін. Сонда біздер өзгелерге үлгі болып, мейірімділіктің дәстүрлі түрде жалғасуына ұйтқы боламыз. Науқас балаларға жасаған жақсылығымызды бүкіл адамзатқа тигізген шарапатымыз деп ұғынған жөн», – деді Нұрлан Нұркенов. Бұдан кейін алты кезең бойынша 30 лот ойнатылды. Мұнда өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы мен «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы оқушыларының қолөнер бұйымдары сатылымға түсті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола облыстық филиалы халықтық сәндік-қолданбалы шығармашылық шеберлерінің туындылары қойылған арнайы сатылым көрмесі ұсынылды. Сатудан түскен қаржы Айдарбек Қапаров пен Мансұр Құсайынов есімді екі науқас баланы емдеуге жұмсалмақ. Аукцион қорытындысында арнайы комиссия ақшалай және шотқа аудару арқылы 2 миллион 800 мың теңгеден астам қаржы жиналғанын мәлімдеді. Бұл ақшаны Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова аталған балалардың аналары Нұргүл Құсайынова мен Сардал Омарәлиеваға табыс етті. Өз кезегінде ата-аналар қол ұшын созған қайырымды жандарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Бақберген Амалбек. Дерек, сурет: egemen.kz.