• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2016

Қарғын судың әлегі

644 рет
көрсетілді

тұрғындарды әбігерге салса да, жағдай тұрақты бақылауда тұр Биыл теріскейге көктем ерте келді. Күннің күрт жылуы салдарынан әдеткі нормадан 1,5-2 есе көп жауған қар тез еріп, сай-салаларды, жылғаларды қуалай ақты. Қарғын судың ауа жайылуы елді мекендерге айтарлықтай қауіп төндіріп, облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қырағылық күшейтіліп, барлық күш-жігер су зардаптарын болдырмау, орын алған жағдайда бірінші міндет мал-жанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына бағытталды. Мамандар тарапынан қардың мол жиналуы көктемгі су тақынына ұласатыны үнемі мәлімделіп, сақтандырып баққан. БАҚ өкілдерімен өткен брифингтердің бірінде екі мың тұрғыны бар 30 елді мекен, 630-дай үй, 65 жол учаскесі қауіпті аймақтарда орналасқаны ай­тыл­ған. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қардың шамадан көп түсуінен су тасқыны орын алуы мүмкін екенін ескертіп, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құруды, арыны қатты қызыл судың қаупін барынша азайтудың жолдарын жан-жақты қарастыруды міндеттеген. «Облыс аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою» бағдарламасы аясында қазынадан қосымша 11,6 миллион теңге қарастырылып, 10 мың тонна инертті материалдар дайындалды. Жыл басынан бері жарты миллион текше метрден астам қар сыртқа шығарылды. 145 техника, 51 жүзу құралы сақадай-сай етілді. 75 тонна жанар-жағармай, тұрғындарды көшіретін 38 арнайы орын, 70 тоннадан астам мал азығы әзірленді. Міне, осындай алдын алу жұмыстары кешенді атқарылып, жылымықпен бірге сәт сайын құбылып, ерекше «мінез» көрсеткен табиғатты «ауыздықтау» жайы ойластырылды. Тосын апат айтып келмейді. Қардың тез еруінен егістік алқап­тардан екпіндете келген қарғын судың Тайынша ауданына қарасты Донецкое ауылын басқаны жайлы суыт хабарды естісімен төтенше жағдайлар, азаматтық қорғау, ішкі істер бөлімшелерінің, басқару органдарының күштері мен құрал­дары жедел жұмылдырылды. Су басу аймағында 58 үй қалды. Жедел әрекет ету барысында 167 адам, 578 бас мал қауіпті жерлерден шығарылды. Ерік Хамзаұлы шұғыл жетіп, жағдаймен таныс­ты. Тұрғындармен әңгімелесіп, материалдық шығындар толық қалпына келтірілетінін қадап айтты. Төтенше жағдайдың зар­даптарын жоюды тездету үшін қосымша күш бөлуге, қарғын суды Тайынша-Чкалов облыстық ма­ңызы бар жол арқылы бұру үшін қазылған арнаны терең­детуге, сондай-ақ, өңірді толық бақы­лауға алуға тапсырмалар берді. Аудан әкімі Ержан Има­нисләм тұрғындардың туған-туыс­тарының үйлеріне, мектепке орна­ластырылғанын, үш мезгіл ыстық ас ұйымдастырылғанын жеткізді. – Осында 30 жылдан бері тұрып келемін. Мұндай оқыс оқиғаны бірінші рет кездестіріп отырмын. Жедел күш дер кезінде келіп, құтқару істеріне белсене араласты. Қиын жағдайда ауылдастарым сабырлылық, төзімділік таныта білді, – дейді Олег Хомич. Көп ұзамай Ясная Поляна ауылының шет жағын су ала бастағаны, осыған орай құрамында 43 адам мен 18 техника бар Астана қалалық ТЖД-нің және орталық аймақтық аэромобильдік жедел-құтқару жасағы жіберілгені белгілі болды. ОТЖД-ның бөлім басшысы Асхат Бәкішевтің айтуынша қазір Сергеев су қоймасына 2,5-3,1 миллиард текше метр су жиналған. Бұл нормадағыдан әлдеқайда көп. Сілеті су қоймасы да арна­сына лық толы. Осылардағы су көлемін азайту шаралары қарқынды жүр­гізілуде. Есіл өзені бойында ор­наласқан 10 елді мекенді су шайып кету қаупі басым. Осы аптада ауа температурасы 15 гра­дус­қа дейін көтеріліп, көктем кү­шіне енсе, қар суы тіпті молая­р­ы анық. Республикалық және об­лыстық маңыздағы тасжолдарды су алып кетуі ықтимал 180 учаске анықталған. Ғарыштан мониторинг жүргізу, әуе көлігін пайдалану, мұздарды жару жұмыстарына да басымдық берілген. Прибрежное ауылын су тасқынынан қорғап тұрған бөгетті және Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылы маңындағы көпірді жөндеуге жергілікті қазынадан қаржы бөлін­ген. Оның мәлімдеуінше, Ақ­қайың ауданының орталығы Смир­нов кентінің, Шал ақын ауданы Жаңажол елді мекенінің шет көше­лерін су алған. Уәлиханов ауда­нының Қулыкөл, Қаратал ауылдары үшін де су шаю қаупі басым. Е.Сұлтанов аяғына резеңке етік киіп, облыс орталығындағы көшелерді көктемгі қар суынан тазалау жұмыстарымен де танысты. Бұл іске 64 техника жұ­мылдырылған. Осы күндері қа­лалық әкімдікке 298 қоңырау шалынып, 263-іне көмек берілген. Жұмысшы кенті, Ойқала шағын аудандарында, Заречный кентінде қызыл су деңгейі төмендер емес. Одан қорғанудың барлық алғы­шарттары жасалған. Ерік Хамзаұлы қарғын судың екінші кезеңі бұдан да қауіпті болатынын, сондықтан арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті. Төтенше жағдайларды шешу үшін ағынды су кәріздері, суағарлар, су тарту жүйелері бойынша тыңғылықты шаралар қолдануды ұсынды. Шынында да, 4 күннің ішінде ғана 1 мың текше метр судың жайылғанын ескерсек, алдағы жұмыстардың кезек күттірмейтіні айтпаса да тү­сінікті. Тілшілер қосынына су тас­қынына қарсы штабтан ден­саулық жағдайына байланысты су басу аймағынан шыға алмаған 85 жастағы кейуананы дәрігер-құтқарушылардың зембілмен алып шыққаны жайлы хабар түсті. «Тазартқыш, су өткізгіш жә­не су тартқыш ғимараттар» комму­налдық мекемесіне көмек сұрап, 184 тұрғын қайырылған. Тұтастай алғанда, су тасқы­нының салдарын жою жұмыстары облыста ойдағыдай жалғасуда. Жағ­дай тұрақты бақылауға алынған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.