Өскеменге «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубының шеберлері келеді деген жаңалық қала тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Жерлестеріміз мұның алдында Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Петропавл қалаларында өнер көрсеткен болатын. Өңірлерде мұндай мәртебелі де дүбірлі жарысты өткізудің тәрбиелік мәні бар екені айтпаса да түсінікті.
Алтай аясында «Астана арландары» «Азген жолбарыстары» командасымен кездесті. Шайқас «Жекпе-жек» сарайында өтті. Оны екі мыңнан астам жанкүйер тамашалады. Турнирдің басында жүргізуші қазақстандық боксшы Закир Сафиуллиннің (60 кг) отбасы жағдайына байланысты кеше шұғыл түрде Шымкентке ұшып кеткенін, сондықтан өзбектердің 1:0 есебімен алға шыққанын хабарлады. Закирдің қарсыласы Өзбекстанда тұратын қазақ жігіті Елнұр Абдурайымов болатын.
52 килода сынға түскен Азат Махметов қарсыласы Аброржан Қадыровты қуып жүріп сабады десек, жөн болар. Алғашқы раундтан бастап соққыларын үдете түскен. Азат айқын басымдықпен жеңісті жұлып алды. Сонымен, есеп 1:1. Бұдан кейін 69 килоға дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов қарсыласы Махмуд Гаиповті айқын басымдықпен ұтты.
Жасыратыны жоқ, 81 килодағы Арман Рысбек рингке шыққанда қобалжыдық. Себебі, қарсыласы Шухрат Абдуллаевқа қарағанда оның дене бітімі қораштау көрінді. Оның үстіне бір күн бұрын баспасөз мәслихатында Арманнан басым түсемін деген болатын. Алайда, Арман ер екен. Рингте қайтпай шайқасқан жігітіміз осылай тағы бір жеңісті әкелді. Ол команданың жеңісін де айқындап берді. Ал соңынан шаршы алаңға шыққан ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев біраз атағы бар Мирзохиджон Абуллаевты ерсілі-қарсылы соққылады. Мұның соңы оның толассыз жеңісіне негіз болды.
Сөйтіп, Өскемендегі сайыс қызықты әрі тартысты өтті. Қаладағы бокс сүйер қауым осы спорт кешін ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист.
Сурет автордікі.