Шекаралық бақылау кезінде қазақстандық шекарашылар сирек заттарды заңсыз алып өтуге тырысатындардың жолын кесіп жатады, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Қазақстан-Ресей шекарасында орналасқан Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ теміржол» бақылау-өткізу бекетінің шекарашылары Астанадан Санкт-Петербург қаласына кетіп бара жатқан азаматқа шекаралық бақылау жасағанда оның сөмкесінен суық қару тапты.
Суық қару анау-мынау емес, самурайдың семсері болып шықты. Оны 27 жастағы Ресей азаматына достары сыйлаған көрінеді. Семсердің ұзындығы жарты метрге жуық, ені – 2,5 см, қалыңдығы – 5 мм, қылпылдаған ұстарасының ұзындығы 29 см болып шықты. Салмағы 1 100 грамм екен. Шекарашылардың қырағылығы болмағанда, бұл жәдігер шекара асып кете барған болар еді.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары хабарландырылды.