Есірткі контрабандасы үшін Қытайда түрлі жаза мерзімдеріне сотталған біздің елдің екі азаматшасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен Бейжің қаласынан Қазақстанға жеткізілді.
Қытай тарапының құзырлы органдары сотталғандарды Қазақстанға беру туралы бұл шешімді 2011 жылдың 22 ақпанындағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шартты іске асыру мақсатында және сотталғандардың өтініштері негізінде қабылдады. Осыған орай Қытай сотының үкімін тану және орындау туралы кепіл негізінде ҚХР құзырлы органдарына Қазақстан сотының тиісті қаулылары жолданды.
Ал жеткізілген сотталғандар жазаларының қалған мерзімдерін Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстанның түзеу мекемелерінде өтейтін болады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.