Таяуда Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кезекті III республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының қорытындысы жарияланды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Ахмет Ясауи университетінің 25 жылдығына және «Ясауи жылына» орай ұйымдастырылып отырған III республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының негізгі мақсаты – дарынды оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындау.
Олимпиаданың қорытынды нәтижесін хабарлаған университеттің бірінші вице-президенті, профессор М.Куталмыш, оқу-әдістемелік ісі жөніндегі вице-президент Б.Ахметов 59 жеңімпазға университет грантының сертификатын табыстады.
Екінші кезеңнен өткен білім додасына Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген оқушылар қатысты.
Сайыстың бірінші кезеңі 24, 25, 26 ақпан күндері online жүйесі бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңіне еліміздің барлық орта мектептері мен Назарбаев зияткерлік мектептерінен, қазақ-түрік лицейлерінен, «Дарын» мектептерінен 5545 оқушы қатысып, екінші кезеңде іріктелген 833 оқушы 29, 30, 31 наурыз күндері университет базасында өткен қорытынды кезеңде білімдерін сараптады. Үміткерлер 11 пән бойынша (физика, математика, биология, химия, информатика, география, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, жалпы тарих, қазақ тілі (қазақ тілді сыныптар үшін), орыс тілі (орыс тілді сыныптар үшін) сынақтан өтіп, ең білімді 59 оқушы жеңімпаз деп танылды.
Естеріңізге сала өтейік, 2014 жылы олимпиаданың бірінші жылында еліміздің 14 облысынан 4000 оқушы қатысып 34 оқушы университет грантына ие болған болатын. Ал, өткен жылы 5000-ға жуық оқушы бақ сынап, бүгінде II республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының жеңімпазы атанған 33 грант иегері университетте тегін білім алып жүр.
Құрылғанына 25 жыл толған Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінгі таңда 8 мыңға жуық шәкірт оқытуда. Еліміздегі бірегей білім шаңырағы жыл сайын қазақстандық 500 талапкерге грант ұсынуды дәстүрге айналдырған. Қазақстан және Түркия мемлекеттерінің қамқорлығындағы оқу ордасының білімгерлері қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде дәріс тыңдайды.
Марат ТЕМІРБЕКОВ,
университеттің кәсіби бағдар бөлімінің басшысы.
ТҮРКІСТАН.