ҚАРАҒАНДЫ. 4 сәуір. Кәсіпқой бокста орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) мен Доминик Уэйд (18-0, 12 КО) арасындағы жекпе-жекті қазақстандық жанкүйерлер теледидардан көре алмауы мүмкін. Бұл туралы vesti.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Головкиннің жекпе-жектерін біздің елде тұрақты түрде көрсетіп келген «Қазақстан» ұлттық арнасы бұл мәселе турасында әзірге басын ашып ешнәрсе айтпады. Тек компанияның баспасөз қызметі «ағымдағы уақытта жекпе-жек трансляциясы жөнінде еш жаңалық жоқ» деген хабарлама таратты.
Сондай-ақ, «Хабар» және «ОҢ-ТВ» арналары жекпе-жекке қызығушылық танытқанымен, белгілі себептермен оның трансляциясын көрсете алмайтындықтарын жеткізді.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 23 сәуір күні өтеді (Астана уақыты бойынша, 24 сәуірдің таңертеңгілік мезгілі).
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, фото: vesti.kz.