аймақ үшін жаңалық болып тұр
Арал десек, көз алдымызға ақ басты төбелер мен шағыл құмдар, одан қалды, суы тартылып, табаны құрғап жатқан теңіз көз алдымызға келеді. Дегенмен, қазіргі Арал тап ондай емес.
Бүгінде Арал теңізі қайта қалпына келе бастады. Ауданның тұрмыс-тіршілігі түзеліп, балық шаруашылығы дами түсті. Сондай-ақ, мал өсіру – аралдықтардың ата кәсібі. Соңғы жылдары аудан халқы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын сезініп, басқа салаға да ден қойып келеді. Соның бірі ара шаруашылығы болып отыр.
Таяуда жаңа кәсіптің тізгінін ұстағысы келген Нұрбек Сексенбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде қайтарымсыз 1 млн. теңгелік несие ұтып алды.
– Аталған бағдарлама аясында аралдықтар бастауыш кәсіпкер ретінде 300 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз несиеге қол жеткізуде. Әрине, бұл жақсы. Енді ауданымызда түрлі бағыттағы өндіріс саласы түлеп, халықтың тұрмысы түзеледі. Экономикамыз да ілгерілей түседі, – деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Арал аудандық филиалының директоры Қадырхан Еңсепов.
Сондай-ақ, ол: «Бізге Нұрлыбек Сексенбаевтың ара шаруашылығын дамыту мақсатындағы жобасы ұнады. Енді бастауыш кәсіпкер алған несиесі бойынша жаңа іске кірісіп, 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды», – деді.
Айта кетейік, инновациялық жобаның иесіне кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес-жоспарды тегін әзірлеп берген. Мұның өзі кәсіпкер үшін үлкен көмек екені сөзсіз.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан».