Жақында Арқалық қаласының бес тұрғыны «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітіне келіп, тілін кәлимаға келтірді. Бұл бесеуі де өзге ұлт өкілдері. Ислам дінін П.Агофонов, Н.Вишневецкий, В.Сафонов, Т.Осоновец, Р.Шайхинуров есімді азаматтар өз еркімен қабылдады.
Мешітте оларға найб-имам Есбол Касенов ислам құндылықтарынан мәлімет берді. Содан кейін жамағат алдында бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы асыл дінімізді қабылдаған азаматтарға «Мұсылманның сипаты» атты кітапшаларды салтанатты түрде табыс етті.
– Ислам діні – имандылыққа, мейірімділікке, адамгершілікке, жақсылыққа шақыратын дін. Біз оның артықшылықтарына күн өткен сайын көз жеткізіп келдік. Мешітте бізге дін өкілдері сұрақтарымызға жауап берді. Толғандырған сауалдарымыз көп еді. Солардың бәріне нақты жауап алдық, – дейді олар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».