• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Аналар ұйымдастырған аукцион

318 рет
көрсетілді

Онда 2 миллион 800 мың теңге жиналды Көкшетаудағы Достық үйінде Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі  облыстық әкімдіктің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы шеңберінде аукцион өткізді. Науқас балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған бұл шараға облыстық басқармалардың басшылары, кәсіпорындардың жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер қатысты. Қайы­рымдылық акциясының ашылу рәсімінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов көмекке мұқтаж жандарға қол­ұшын созуға ниет білдірген аза­маттарға алғысын білдірді. – Облысымызда мүмкіндігі шектеулі, өмірге құштар жандар аз емес. Олар қайырымды аза­маттардың көмегіне мұқтаж. Сондай жандарға қолұшын беру қалыпты нәрсеге айналуы керек деп есептеймін. Сонда біз­дер өзгелерге үлгі болып, мейі­рімділіктің дәс­түрлі түрде жал­ғасуына ұйытқы боламыз, – деді Нұрлан Жаңбыршыұлы. Бұдан кейін алты кезең бойын­ша 30 лот ойнатылды. Мұнда өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы мен «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы оқушыларының қолөнер бұйымдары сатылымға түсті. Сон­дай-ақ, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтық сәндік-қолданбалы шы­ғармашылық шеберлерінің туын­дылары қойылған арнайы сатылым көрмесі ұсынылды. Сатудан түскен қаржы Айдарбек Қапаров пен Мансұр Құсайынов есімді екі науқас баланы емдеуге жұмсалмақ. Аукцион қорытындысында арнайы комиссия ақшалай және шотқа аудару арқылы 2 миллион 800 мың теңгеден астам қаржы жиналғанын мәлімдеді. Бұл ақшаны Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиы­қова аталған балалардың аналары Нұргүл Құсайы­нова мен Сардал Омар­әлиеваға табыс етті. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.