• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Ашық аспан аман болсын десек...

448 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон төрінде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте көтерген ядролық қарудан азат әлем құру туралы бас­тамасы қоғамда қызу талқыланып, жаппай қолдау табуда. Осы орайда біз аталған бастамаға қатысты кәсіби тарихшы маманның пікірін білу үшін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевке сауалдарымызды жолдап, жауап алдық. Тарихшы маман өз ойын былайша сабақтады. – Жаңабек Жақсығалиұлы, АҚШ-тың астанасы – Вашинг­тон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзі елдері басшыларына жасаған ұсынысы жайында не айтар едіңіз? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлеген сөзі бәрімізге үлкен ой салды. Бәрі­мізге дегенде, мен барша адамзат баласына қатысты әңгіме айтып отырмын. Бұлай деуіме негіз де жоқ емес. Өткен ғасырдың орта шенінде, нақты айтқанда, 1945 жылы әлем жұртшылығы атом бомбасының қаншалықты жойқын күшке ие екендігін көзбен көріп, құлақ­пен естіді. Алпауыт АҚШ-тың дүние­жүзіне әмір жүргізбек болған амби­циясы салдарынан Жапонияның қос қаласы Хиросима мен Нага­саки жермен-жексен болып, жүз­деген мың адам тірідей жанып кетті. Тағы сонша адам үрім-бұта­ғы­на дейін жазылмайтын дертке шалдықты, мүгедек болды, қай­ғының қара бұлтын жамылды. Осындай жан шошырлық жағ­дайларға қарамастан, жекелеген мемлекеттер әлі де өздерінің арам пиғылдарын, лас ниеттерін іске асыруға талпынуда. Азиядағы алып көршілер Пәкістан мен Үнді­станды бірлігі бекем, тату елдер деп айта алмайсың. Екеуінде де ядро­лық қару бар. Оларға айналасына соғыс өртін тұтатамын деп сес көрсетуден жалықпайтын Солтүстік Кореяны қоссаңыз, тек бір ғана сары құрлықтың өзінен үлкен ерегес ошағын байқауға болады. Әлемдегі соңғы өзгерістер, әсіресе, терроризм қаупінің белең алуы, ДАИШ-тың Сириядағы сорақылығы дүние жүзі мемлекет­терін дүр сілкінтті. Құдай бетін аулақ қылсын, дегенмен, егер де ядролық қару қандықол терроршылардың қолына тиетін болса, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Яғни, бір сөзбен айтқанда, ядролық қару ойыншық емес. Оны қолдану арқылы қандай ма бір мүдделерге қол жеткіземін деу бүкіл ғаламшардың құрып кетуі­не әкеліп соқтырады. Сондықтан, Елбасы ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі ғаламдық сұрапыл апат­тың алдын алуға, ауыздықтауға бағытталған, дәл уақытында, дер кезінде және планетарлық масш­табта жасалған аса үлкен саяси бас­тама деп есептеймін. – Осы ядролық қарудың зардабын Қазақ елі де бір кісідей тартты ғой. Елбасының Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл қадам арқылы Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық бейбітшілікке, жаһандық қауіпсіздікке өлшеусіз үлес қосты деп айта аламыз ба? – Әрине, солай деп толық айта аламыз. Кешегі кеңестік кезеңнен қалған атом қаруынан Қазақстанның өз еркімен бас тартуы, еліміздің қауіпсіздігіне ядролық державалар тарапынан кепілдік берілуі, сөз жоқ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты болжаған, келешекті көздеген көреген саясатының жемісі екендігі даусыз. Қазақстан осы қадам арқылы дүние­жүзінің күн тәртібіндегі өзекті сауалдарға нақты жауап қай­­тар­­ды. Біріншіден, ядролық жой­­қын қарудың әрі қарай таралмауын тоқтатып, өзге елдерге оң үлгі көрсетсе, екіншіден, жары­­лыс­тардан зардап шеккен халық­­тың саулығын түзеуге, тұр­мы­­сын жақ­сартуға, тозған топы­­рақты улы қалдықтардан тазар­туға мүмкіндік жасалды, қажыр-қайрат аямай жұмсалды. Мұның жақсы нәтижесін күні бүгін халық нақты көріп, біліп отыр. Менің ойымша, әлем елдерін ядро­лық қарусыздануға шақырған Қазақстанның бейбітсүйгіш ұста­ны­мына барша мемлекеттер бірауыз­дан қосылуы тиіс. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.