• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2011

Сан соқтырған салғырттық

493 рет
көрсетілді

Басқа-басқа емес,  қақаған қаң­тарда шағын шаһарлардың қа­пелімде жылусыз қалуы Қа­рағанды аймағында бірінші  рет ұшырасып жүрген жай емес. Мәселен, бұдан төрт-бес жыл бұ­рын Шахтинск қаласы бастан кешкен тосын жағдай ұмытыла қойған жоқ. Соның сабағы тиер­ліктей-ақ болса да,  өкі­ніш­ке қарай, әлі олай бола қой­ма­ған екен. Енді, мінеки, Приозерскде дәлме-дәл сол қалпында қай­таланған оқиға 13 мың тұрғыны бар қалаға  жаңа жылдан бері  екі аяқты бір етікке тықтырып келді. Рас, шұғыл шаралар  қол­данудың арқасында  кенеттен ки­ліккен қиындықтың бастапқы күндеріндегі мүлдем мүшкіл күйдің қазір беті қайтқан. Алай­да, жылумен қамтамасыз ету толық қалпына келді деу де қиын. Осы айдың аяғына дейін жағдайды түзеуге күш салынып жатыр. Бүгінде анықталып отыр­ған­дай,   қыс ортасында үйлердің адам тұрғысыз болып қалуы  бұл іске жауаптылардың өз міндеттеріне салдыр-салақ, немқұрайды қарауы салдарынан орын алған. Қысқа дайындық кезінде қалалық әкімдік бәрін  ойдағыдай  санап, бітпеген жұмыстардың бетін жау­ып, мәселелердің біразына жете мән бермеген. Басқасын былай қойғанда, өткен жылдың соңғы күндерінде, дәлірек айтқанда, 29 желтоқсанда жылу тарату қон­дыр­ғыларында апатты ақау  пайда болып, ертеңінде ондаған тұр­ғын үй жылусыз қалғанның өзін­де де 4 қаңтарға дейін облысқа алаңдарлық  ештеңе жоқтай хабарлар жөнелтіліп тұрған.  Со­ның салдарынан облыстық әкім­діктегілер Приозерск қаласындағы қазандықтың «шықпа, жаным, шық­памен» жұмыс істеп тұр­ға­нынан  хабарсыз  болған. Кейін жағдай одан сайын күрделеніп, оны түзеуге жергілікті күш жетімсіз болғанда ғана оқиғаның анығы амалсыздан мәлім етіледі. Ал бұл аралықта жылу қазан­дық­тары бірінен соң бірі тоқтап, бар­лық дерлік үйлерді азынаған суық жайлап шыға келген еді. Қазандықтардың аяқ ас­ты­нан қауқарсыз қалатын реті бо­лып­ты. Алдын ала жеткілікті жөн­деуден өтіп, қалыпты жұ­мыс істеуге дайындалмаған. Мұ­ның ақыры істен шығу­ларына әкеліп соққан. Приозерскдегі жағдайға бай­ланысты Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев бастаған үкіметтік комиссия апаттың себептерін то­лық анықтады. Үкімет бас­шы­сының тапсырмасына орай апатқа  жол берген  адамдарға облыстық әкімдік тарапынан  жа­залау шаралары  қолданылды.  Жылумен қамтамасыз ету мау­сымына жауапсыз қарағаны үшін қала әкімі Қайрат Сма­ғұлов қызметінен босатылып, облыс әкімінің орынбасары Бау­ыр­жан Смағұлов пен энер­гетика және коммуналдық шаруашылық бас­қар­масының бастығы Марат Мадиевке қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен бірге, эконо­ми­калық қылмысқа және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы  күрес жөніндегі облыстық департамент Приозерск қалалық әкімдігі ап­параты мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  бө­лі­мі  лауазымды қызметкер­ле­ріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қаржы полицейлері былтыр қазандықтар мен жылу жүйелерін жөндеу үшін бюд­жеттен бөлінген 400 миллион теңгенің  қалайша  жұмсалға­нын тексереді. Мұның сыр­тын­да тексеру істерін қоса қолға  алған облыстық прокура­ту­ра­ның да анықтайтын жайлары бар тәрізді. Бүгінде қаланы жылумен қамту мәселесі біртіндеп жолға қойылып келеді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы.