Атырау қаласын Жайық өзені қос құрлыққа – Азия мен Еуропаға бөліп жатыр. Қос құрлықта тұрамыз дейтін өңір жұртшылығы Қысқы Азиада алауының эстафетасын асыға тосты. Алау эстафетасы арнайы ұшақпен бұрнағы кеште Атырауға жетті. Әуежайда Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек бастаған делегацияны облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев, облыстық спорт, туризм және дене шынықтыру басқармасының бастығы Берік Жанкеев күтіп алып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Ал кеше қаланың Азия бетінде орналасқан Махамбет атындағы қазақ драма театры алдында алау эстафетасының шеруі басталды. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев алау эстафетасының шеруін қызықтауға жиналған жұртшылықты құттықтап, «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаһандағы ең әлеуетті елдер қатарында болуына ерен еңбек сіңіріп келеді.
Ел экономикасына дағдарыстың салқыны тимеді. Қазақстанмен ынтымақтасуға, серіктес болуға ұмтылып, біздің Елбасының сындарлы саясатына қолдауын көрсетуде. Соның дәлелі былтыр ЕҚЫҰ Саммитін өткіздік, енді міне, Қысқы Азия ойындарын өткізгелі отырмыз» деді. Сонан соң алау эстафетасын КСРО-ның 5 дүркін, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы атанған халықаралық дәрежедегі боксшы Болат Теміровке берді.
Болат Теміров Абай көшесінен бастау алған алау шеруін Махамбет көшесінде тосып тұрған келесі алаугер – спорт ардагері Жылқыайдар Сұлтановқа жалғады. Әр 200 метр сайын осылайша бірінен біріне жалғасқан алау эстафетасы Азаттық даңғылымен Жайық өзені үстіндегі көпірмен қаланың Еуропа бөлігіне өтті. Көше бойында шеруді қызықтаушы тұрғындар есебінде шек жоқ. Бәрі де – жасы да, қариясы да «Алға, Қазақстан!», «Жаса, Қазақстан!», деп ұрандатып тұрды. Тіпті, алаугермен бірге жүгіріп жүрген балақайлардың жүзінен қуаныштың лебі байқалады. Алау эстафетасының бірінші кезеңі Исатай батыр даңғылындағы Исатай-Махамбет алаңында аялдады. Бұл алаңға алау эстафетасын таэквондодан Белградта өткен бүкіләлемдік универсиада чемпионы Гүлнафис Айтмұхамбетова алып келді.
– Азиада ойындарының Қазақстанда өткізілуі ел спортын жаңа деңгейге көтеретіні даусыз, – деді газет тілшісіне боксшы Болат Теміров. – Қазақстан қалаларын түгел аралап шығатын Азиада алауы біздің спортшыларымыздың жеңісіне жолашар боларына сенемін.
Ал түстен кейінгі кезеңде алау шерушілері Сәтпаев даңғылымен қазақтың ержүрек ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы мұз сарайына дейін әкелді. Шеру алаугерлері арасында елімізге танымал спортшылармен бірге, әр саланың өкілдері тартылған. Солардың қатарында белгілі кәсіпкер Өнербек Жанбаланы, мұнайшылар Төлеген Байзақовты, Талғат Байтазиевтарды, өнер шеберлері Сембек Жұмағалиев пен Гүлмайдан Сүндетоваларды атауға болады. Атыраудағы Азиада алауының эстафетасын Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, таэквондошы Арман Шылманов қаһарман ұшқыш Хиуаз Доспанова атындағы мұз айдыны сарайына жиналған жұртшылық алдына алып жетті. Осылайша, алау эстафетасы Азия мен Еуропа құрлығындағы Атырау жұртшылығына ерекше бір серпіліс берді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
–––––––––––––––––––
Суретті түсірген Темірлан Сұлтанғазиев.