• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Меккедегі мінәжат

3396 рет
көрсетілді

Алып ұшқан көңілімнің иірімдерін, тағатсыздана соққан жүрек қағы­сын, өрекпіген ой-тол­қын­дарын көркем сөзбен өр­нек­теп кестелеу қиынға соқса да ислам туған Меккеге, сол ислам діні қанатын жайған Мәдина шаһарына жол түскеніне ерекше алабұртып, тебіреніп қолыма қалам алуға тура келді. Олай дейтінім, Меккеде уахи түсіп, пайғамбарлық бас­талса, Мәдина қаласы ислам дінінің кең жайылуына куә болған. Оған айғақ Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жылан өзінің ініне кіргендей иман Мәдина қала­сына кіреді», деген жоқ па. Одан қалды Абылай ханның замандасы Тілеуке Құлеке­ұлы (Шал ақын): Мекке менен Мәдина жолдың ұшы, Алыс сапар дейді ғой барған кісі, – деп жырлағандай қияндағы киелі мекенге барып маңдайын сәждеге тигізем деп ниеттенушілердің қатары күн өткен са­йын артпаса кеміген емес. Керек десеңіз, ресейлік ғарышкер Анатолий Иванишин ғарыштан қарағанда Мекке мен Мәдина нұр шашып жарқырап тұратыны жөнінде таңданысын жасыра алмай: «Ғарышта болғанымызда АҚШ пен Еуропа қалаларының түнгі көрінісін суретке түсірдік. Алайда, олар сапасыз болып шықты. Кейін жердің өзге де өңірлерін фотоға тарттық. Араб түбегін нысанаға алған кезде, тамаша көріністің куәсі болдық. Суреттерден жарқырап тұр­ған екі нүктені байқадық. Алғашында оның не екенін білгеніміз жоқ. Кейін анықтағанымызда, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Мекке мен Мәдина қалалары екенін білдік, – деп ағынан жарылуында үлкен мән жатқан жоқ па. Тіпті, бұл ғажайыпты Ресей ғарышкері А.Иванишин «Құдайдың құдіреті» деп атаған. Ғарышкер А.Иванишин мойын­даған Құдайдың құдіретін Пайғамбары­мыз да өз басынан өткізген. Бұл – Ұхуд соғы­сында болған оқиға. Асыл дінімізді ор­нықтыру жолында Пайғамбарымыз­дың кәпірлермен қақтығыста болғаны тарихтан мәлім. Ұхуд тауының маңын­да болған осындай қақтығыста көп­теген мұсылмандар шаһид болып, Пайғамбарымыз жарақат алады. Жаралы Пайғамбарды сахабалар жаудан тау үңгіріне жасырады. Пайғамбарды іздеп келген жау үңгірге кіре берістің өрмекші торымен шырмалғанын көріп, мұнда көптен ешкім болмаған екен деген оймен кейін қайтады. Сөз орайында айта кету керек, қасиетті Құранның «Әл-Имран» сүресінде: «Ақиқатында, адамдарға ең алғаш салын­ған – Меккедегі үй. Ол әлемдер үшін құт-береке әрі тура жол», делінген аят бар. Бұл Меккенің, сөз жоқ, ерекше мекен екенін нұсқап тұр. Пайғамбарымыз бұрын намазды Құддыстағы әл-Ақса мешітіне қарап оқитын болса, Алладан уақи түскеннен кейін намазын бетін Меккеге бұрып аяқтаған екен. Негізі Құранда, Мекке, Бейбіт атты қала атаулары жиі ұшырасады. Алла тағала Тин сүресінде осы Бейбіт қаламен ант еткені тайға таңба басқандай жазылған. Жалпы, қажылық туралы еске алып, сөз қозғай қалсақ, адамзат құлшылық ету үшін тұрғызылған ең алғашқы Алланың үйі қасиетті Қағба көз алдымызға келеді. Ал Қағба жөнінде Құран Кәрімде: «Алла үшін Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз әрі бүкіл әлемге мүбәрак тура жол» десе, Меккені «Умм әл-Қура», яғни «қалалардың анасы» деп атады. Демек, «қалалардың анасы» атанған Меккеге барып, Қағбаны айналып, Қара тасты сипап, зәмзәм суынан ауыз тиіп, Арафат тауына табан тіреп, Меккеде құрбандық шалып, сәждеге бас ұрып құлшылық ету бақыты бұйырғанына Аллаға тәубе деймін. Асылы, қажылық кезінде адам өзін әлдеқандай тылсым күштің жетегінде жүргендей күй кешіп, Құдайдың құді­ретіне жүгініп, бұл дүниенің пенделік ойларынан тазару көңіл-күйінде бола­ды-ау деп қалдым. Айталық, неше мың­даған шақырым жолды баяғы ата-баба­ларымызға ұқсап, айлап, арып-аршымай, бір пәсте жүріп өтіп, Мекке мен Мәдина қалаларында жайлы қонақ үйлерде тұрасың. Ал Мина жазығында шатырларға орналасып, Арафат тауында күркені мекен етіп, Мұздалифада ашық аспан астында түнеп, шайтан лағнетке тас атып, ихраммен Жаратушының алдына келіп: «Я, Раббым, жиған-тергенімнің бәрі артымда қалды. Маған қандай күйде өмір сыйладың, сол күйімде алдыңа келіп тұрмын!» дегендейсің. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде дүниедегі ең құдіретті дейтін адамдардың өзі Алланың алдында бас иіп, құрдай жор­ғалап, қызмет еткенді жөн көреді. Мысалы, бүгінгі Сауд Арабиясының Королі Салман ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд осы­лай істейді. Ол кісінің мемлекеттік дәрежедегі биік лауазымымен бірге Пай­ғамбарымыздың және әл-Харам мешіт­терінің қызметкері деген қосымша атағы бар. Және ол бұл атаққа ерекше мән беріп, айрықша бағалайды. Жылына бір-екі рет аталған мешіттерге қатардағы қарапайым қызметкер ретінде бас сұғып, қолына сыпырғы, күрек, тырма алып, кәдімгі жұмысшы ретінде қызмет көрсетіп және оны зор мәртебе тұтып, мақтанышпен еске алып, тумаластарынан өзінің артықшылығы деп есептейді. Егер тарих шежіресінен сыр шертер болсақ, біздің қазақта аға сұлтан Құнанбай да Меккеге барып қажы атанған. Ол қасиетті Меккеде бірнеше айлар бойы бөгеліп, Орта Азия халықтары үшін «Тәкия» деген жатын үй салдырып, көптің батасын алған. Құнанбай Меккеде болған алғашқы күндерінде қажылықтың рәсіміне сай Қағбаны жеті айналып, қасиетті қара тасты сүйіп барып ішке кіруге тиісті кезде аяқ астынан денсаулығы нашарлап, қызуы көтеріліп, бойынан қуат кетіп, әлсіреп жүруге шамасы келмей қатты сырқаттанып қалыпты. Мұндай дертке ұшыраған адамды ол кезде «ауруы жұғады» деген қауіппен әрі сақтықпен елге кіргізбейтін болған. Соны ойлап, қамыққан Құнанбай көзіне жас алып, Құдайға жалбарынып: – Жаратқан ием, Құнанбай қылып жаратып едің, аузыма дүйім елді қаратып едің. Бір кісідей бұл дүниенің рахатын көрсетіп едің. Енді мен қалайша қор болдым. Сонау жер түбінен келіп, Қағбаның табалдырығында тұрып, ішін көре алмағаным мен үшін өліммен бірдей. Одан да Алла мені алсаңшы, – деп екі қолын жайған екен. Құнанбайдың уайымы жанына еріп барған жақын туысы Ізғұтты батырдың қабырғасына қатты батады. Көмектесудің ретін қарастыра келіп, еш іркілместен: «Құнеке, мініңіз менің мойныма», деп, алпамсадай Құнанбайды иығына балаша отырғызып алып, Қағбаны жеті рет айналдырып, қара тасты сүйгізіп, енді ішке енейін десе, бір-біріне мінгескен екі адамның қылығын ерсі көрген шырақшы рұқсат бермей, кіргізбей қояды. Сонда тосыннан шығар жол тауып, айлаға көшкен Ізғұтты батыр шырақшыға тілмәш арқылы: «Бұл кісі біздің ханымыз, ханның аяғын жерге тигізуге біздің қақымыз жоқ», деген сөзді жеткізеді. Бұл сөзге иланған шырақшы оларды Қағбаның ішіне кіргізіпті. Содан ертеңіне Алла қуат беріп, Құнанбай дертінен құлан-таза айығып, еліне аман-есен оралыпты деседі. Міне, осыдан-ақ, Қағбаның сиқырлы күші бар Алланың үйі екеніне көз жеткіземіз. Шынтуайтына келгенде, біздің заманымыз, балалық кезіміз, толысу, өсу кезеңіміз кеңестік дәуірге тап келді. Ол кезде «Құдай жоқ», «дін – апиын» деген саясат белең алып, атеистік теріс көзқарас қалыптасты ғой. Жер-жерлерде мешіттер жабылып, діндар адамдар қудаланып, жазаланып жатты. Қажылыққа бармақ түгілі, намаз оқу, ораза ұстаудың өзі жайы­на қалды. Оған сол солақай саяси жүйе­нің салқыны тигені сөзсіз. Алайда дінді жек көруге итермелеген алағай да бұлағай уақыттың өзінде ақиық ақы­нымыз Мұқағали Мақатаев: «Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі. Ғылым – діннің баласы, Дін – ғылымның көкесі», – деп бүркемеленген ақиқаттың бетін ашып, дінге жағылған күйені жырымен таза­лауға тырысты. Кеңес өкіметі қаншама тыйым салып бақса да, ата-апаларымыз Құранды көзінің қарашығындай сақтап, тасаға көміп, тығып, жасырып келгенін аға ұрпақ жақсы біледі. Тәуелсіздік таңы атпағанда дінімізден, тілімізден безініп, дүмше күйге түсер ме едік, кім білсін? Қазір міне, иншалла, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, дінімізге, ділімізге бет бұрдық. Еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттер бой көтеріп, иман­дылық жолына түсіп жатырмыз. Салтына, дәстүріне бет бұрған мұсылман ағайын Меккеге емін-еркін барып-келетін жағ­дайға жетті. Ал бұрын қалай еді? Бұл жөнінде Қазақстан Қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін қажы Дуанаев бір әңгі­ме­сінде былай деген болатын: «Кеңес өкі­метінің 70 жылы ішінде 70-тей ғана адам қажылыққа барған болса, бұл күнде еліміздегі қажылар саны 35 мыңнан асып кетті. Қазақстан егемендік алғаннан кейін көп ұзамай, атап айтқанда 1993 жылы Алматының Орталық мешітінде қажылыққа бет алған 300-ге жуық азаматпен Елбасы жүздесіп, оларға сәт-сапар тілеп, қажылардың имандылық ұйыт­қы­сы екендігін атап көрсеткен-ді. Сол жылдардан бері бұл шаруа кең өріс алды. Биыл еліміздің 4,5 мың адамы мұсылмандық парызын өтеп қайтты. Олардың арасында оқымыстылар, ғалымдар, бизнесмендер, имамдар, қоғамның алуан түрлі топ өкілдері бар». Кеңестік дәуірдегі дінге деген теріс көзқарасқа байланысты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы орайда өзім жақсы танитын, пікірлес, ниеттес журналист інім Орынбек Жолдыбайдың әңгімесі ойға оралады. Оның аталас туысы болып келетін атақты Құлыншақ ақын осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын бір топ ауылдастарымен қажылыққа сапар шеккен екен. Бұл 1911 жылы болған оқиға. Көп ұзамай революция басталып, Кеңес өкіметі орнайды. Одан кейінгі жағдай белгілі. Құдай жоқ деген астам ұғым белең алып, діндарлар қудаланып, дін шеттетілді емес пе?Арада бір ғасыр өткеннен кейін ғана әулеттің және бір адамының (Орынбек Жолдыбайдың – Ө.О.) қажылыққа жолы түсіпті. Жаратқанға мың тәубе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та Алланың ақ жолын дәріптеп елді бейбітшілік пен ынтымаққа, ауызбіршілікке, мейірбандыққа шақыру жолында көп еңбек сіңіріп, жер-жерде мешіттердің бой көтеруіне ықпал етіп келеді. Осы орайда тағы бір көкейге оралып тұрған жәйт, барша мұсылманның Алла алдындағы бес парызының бірін өтейтін жері – Меккеде талайдан бері бір тамшы тамбай, қуаңшылық болып, ел жауынды зарыға күтіп отырғанда, Нұрсұлтан Әбішұлының барған сәтінде Алланың нұры жаңбыр болып жауып, табиғаттың мұндай құбылысына араб елі таң қалғаны бар. Сондай-ақ, қасиетті Қағбада жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай оған ешкімнің кіруіне рұқсат берілмей отыр­ғанда Сауд Арабиясының королі Фатх Әл Сауд Қазақстан Президентіне ерекше құрмет көрсетіп, Қағбаның есігін ашып беріп тұрып: «Алладан тілек тілесеңіз қазір, я болмаса кейін тілегіңізді береді», деген болатын. Кейін қасиетті Қағбаны аралап шыққан соң: «Алладан не сұра­дыңыз?» деген сауалға Елбасының: «Еліме, халқыма, қазағыма береке-бірлік, Алланың нұры жауғай», деп тіледім дегені мұқым қазақ жұртшылығының көкейінде әлі жүр. Иә, ислам – адамзатқа тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы таза дін. Ғылым-білім де осы дінде екеніне енді-енді көзіміз жетіп жатыр. Құранның алғашқы аяты: «Оқы», деген әмірмен бас­талатыны осының айғағы. Мұхаммед пайғамбарымызға Жәбірейіл періште келіп: «Оқы! Жаратқан Раббыңның аты­мен! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы. Сенің Тәңірің ең жомарт! Ол қа­ламмен жазу үйреткен. Адамдарға біл­ме­генін үйретті», деп Алақ сүресінде уахи еткенін пірәдар қауым біледі деп ойлаймын. Жалпы қажылық ұғымының түп-төркіні «қасиетті жерге баруды ниет ету» дегенді білдіреді. Шариғат бойынша­ қажылықтың негізгі үш парызын: Ми­қат­қа келгенде ихрамда болу, арабша Зұл­хиджа айының 9-ы күні Арафатта тұру, Қағбаны жеті рет тәуеп етіп айналу сияқты қағидаттарды бұлжытпай орын­дау басты міндет болып табылады. Со­нымен қатар, Сафа мен Мәруа арасын­да сағи жасау, Мұздалифада түнеу, Минада шай­танға тас ату сынды амалдар да зиярат­ етушілердің назарынан тыс қалмауы тиіс. Құранда: «Умра умраға дейінгі ара­лық­тағы (кіші) күнәларды шаяды, ал шынайы қажылықтың сыйлығы – тек жәннат» деп айтылғандай, қажылық сапарының жауапкершілігі де, сауабы да зор екендігін мәлімдеп тұр. Әр пен­денің мәңгілік тұрағы о дүние десек, сол дүниенің жұмағынан орын бұйыруын Алланың кез келген құлы армандайтыны белгілі. Яғни, қажылықтың сүйіншісі де-осы жұмақ болмақ. Қажылық сапарының бір парасы Алла ризашылығы үшін құрбандық шалу. Соған орай мінәжат етушілердің қажылығы қасиетті Құрбан айт мерекесіне дөп түседі. Сол күні мал сойылады. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Алла жолында мал сарып қылыңдар. Сараң, қорқақ болып өздеріңді өз қолдарыңмен хауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», делінген. Демек, Алла жолында құрбан етілген мал, адам баласын үлкенді-кішілі күнәдан арылтатыны хақ. Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң мына жалған дүниеде ағаттық жасап қоюы мүмкін ғой. Сондықтан: «Тор­сығыңның аузын буып, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе, Алла Тағала да саған берер риздығын байлап тастайды», деген хадис жолдарын есте сақтай отырып, барыңмен бөлісе жүріп, ақ жолдан таймауға тырысу ләзім. 2015 жылдың қажылығына қатыса отырып, адам теңізі, адам толқыны деген ұғымдарды еріксіз еске түсірдім. Себебі, әлемнің алуан түрлі елдерінен, батыстан да, шығыстан да, оңтүстіктен де, солтүстіктен де ағылған адам легі қасиет­ті Меккеде түйіскен тұста шет-шегі жоқ нөпір шынында да шалқыған мұхит айдынын көзге елестетеді екен. Ағы да, қарасы да, аққұбасы мен қараторысы да Аллаға мінәжат жолында қатар келе жатқан осынау қалың халықтың тасы­ған өзен суындай дес бермей алға ұмтыл­ғанының куәсі болдым. Пәнейі бір себептермен кідіріп қалған кісіні ағыны арынды судай жұлып алып кететін не еріксіз қозғалысқа келтіретін қуатты толқын қимыл-қозғалыста аса сергек болуды талап ететіндей. Алуан түрлі қиындыққа қарамастан, сапар барысында кездесетін қолайсыз жағдайларды жеңе отырып, осыншама халықты Мекке мен Мәдинаға жинаған қандай күш дегендей де ойға беріледі екенсің. Бұл әркімнің өз жүрегіндегі жаратушы Аллаға деген шынайы ұмтылыс, сенім болса керек. Мұсылманмын деген әрбір адамның Алла алдында қажылық парызын орындасам деген адал ниеті болар. Қасиетті Құранның Әл Имран сүресінің 97-аятында: «Мұнда келуге мүмкіндігі болған адамның бәрі Аллаһ үшін сол үйді хаж етуге парыздар» деп көрсетілген ғой. Міне, осы қасиетті парызды орындауға ниет етіп, алыс сапарға аттанып, осында жолы түйіскен адамдарда есеп жоқ. Иә, қажылыққа баруға ниет етушілер санының жылма жыл арта түсуіне орай, әр ел оларды ретке келтіру мақсатымен шек қоюды қолға алып отырғанына қарамастан, мұнда келетін адамдар ағыны бір сәтке де толастамайды. Керісінше, жылдан жылға көбейіп бара жатқан көрінеді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, биылдың өзінде миллиондаған адам қажылыққа келді деп хабарланды. Ал Қазақстан Республикасынан 2015 жылы қажылыққа барғандардың саны жоғарыда айтқанымдай 4,5 мың адам екен. Бұл тұрғыда біздің еліміз қажы­лық­қа бөлінген квотаны толық игер­ме­ген елдер қатарына жататын көрі­неді. Өз­бекстан, Тәжікстан, Иран, Түркия сияқ­ты мемлекеттерде керісінше қажы­лыққа бару үшін адамдар жылдап кезекке тұратынын естіп білдік. Айтпақшы, қажылық парызымды «Нұр Қазақстан» атты компанияның қызметіне сүйеніп атқарғанымды айта кеткенім орынды болар. Аталған компания, міне, бірнеше жылдан бері қажылық парызын өтеуге ниеттенген жүздеген қазақстандықтардың алғысына ие болып жүр. Компанияның басшысы, теолог-ғалым, араб тілінің білгірі Амангелді Еренғайыпұлы Әбдіхалықтың бұл сала­ның ысылған маманы екені оның әрбір ісінен байқалып тұрды. Ұзақ сапарға ниеттеніп жолға шыққан алғашқы күн­нен бастап-ақ компания қызметкерлері қажы­ларға қалтқысыз қызмет көрсету­мен болды. Әсіресе, Әбдіхалық бастаған ком­пания қызметкерлерінің араб жерін­­­­де мұсыл­ман әлеміне, қала берді дүние­жүзіне белгі­лі дін қайраткері, Пайғам­барымыз­дың 44-ші ұрпағы болып келе­тін Дүниежүзілік Ислам Лигасының (ДИЛ) Бас хатшысы доктор Абдалла ат-Түркимен кездесу ұйымдастыруы біз күтпеген әрі есте қалатын үлкен оқиға болғанын атап көрсеткеніміз жөн. Осы қажылық сапарға Қазақстаннан барған Қабдолла Қуат Солтанбекұлы, Исмаил Панов, Нұрболды Шайқыислам, Нұрлан Анарбаев, Саттарқұл Сәбиұлы және басқа да 50-ден астам имамдар бізбен бірге болды. Олар үнемі уағыз айтып, біздің қажылық парызымызды дұрыс атқаруымызға жолбасшылық жасады. Бұлардың бәрі шетінен сауатты имамдар екен. Барлығы шетелде оқып, сауат ашқан, араб, түркі тілдерінде таза сөйлейтін, сол тілдерде түпдеректерді оқи алатын теолог-ғалымдар. Осыған орай маған мынадай бір ой келді. Жоғарыда аты аталған және басқа да дін тұрғысынан сауатты теолог-ғалымдарды қатыстыра отырып, республикалық телерадио арналарынан топ құрылып, хабарлар ұйымдастырылса, сол арқылы дін тарихы, тәрбие мәселесі төңірегінде әңгімелер қозғалса, нұр үстіне нұр емес пе. Бүгінде қазақ жастары туралы алуан түрлі әңгімелер айтылады. Олардың бір парасы кейінгілер үлкендерді сыйламайды, ата-анаға ізеттілік танытпайды деген сыңайда болып келеді. Осы сапарда мен арамызда ізетті жастардың да көптеп кездесетінінің куәсі болдым. Олардың сауап іс үшін зыр жүгірген іс-қимылдарына жұртшылық дән риза. Жастардың бірі қажеттілігіне қарай ата-аналарын арбаға мінгізіп, Қағбаны тәу етуге көмектессе, енді бірі қарт кісілердің жүктерін тасып, қимылы баяулардың қолтық­тарынан демеп, көлікке отыруға көмек­тесіп, бәйек болып жүр. Әсіресе, Талғат, Кенже­бай есім­ді азаматтардың бел­сен­ді, қайы­рымды әрекеттеріне сүйсіндім. Жалғыз олар ғана емес, осы жолы бір топ қазақ азаматтары айналасын­дағы­ларды разылыққа бөлеген, бәрекел­дісін арнаған талай қайырымды істер атқарды. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалым­дары Әшірбек Момынов, Омар Темір­беков, Серікзат Дүйсенғазин, «Егемен Қазақ­стан» газетінің тілшісі Қанат Ескендір, Қазақстан Діни басқармасы ұйым­дас­тырған күрестің бас бәйгесін жеңіп ал­ған Жайық Қынарбеков сияқты азамат­тар нағыз мұсылман баласына тән мінез­дерімен жамағаттың алғысына бөленді. Бүгінде жастардың бойынан табылып отырған осындай ізеттілікке өзінің үлгі-өнегесімен аға ұрпақтың да қосар үлесі мол екеніне осы жолы және бір көз жеткіздім. Түптеп келгенде, ұрпақ сабақтастығы дегеннің өзі осындайда көрініс береді емес пе. Мысалы, жасы сек­сеннен асқан қызылордалық Сұлтан Үсеновті алайық. Сексенге толғанда бала-шағасының той жасап бермек болған ниетіне ол кісі былай деп жауап қатқан: «Сексенге келгенде жасаған тойдың қаді­рі болмайды. Онан да мен өзімнің туған ауылым Майлытоғайға мешіт сал­дырып берейін». Осылай деп қана қоймай Сұлтекең жүз кісілік мешіт салдырып, оған әкесі Үсен мен немере ағасы Асанның есімін берді. Қазір ол мешіт елге ойдағыдай қызмет етуде. Биылғы қажылық сапарымда осындай біраз қайырымды жандармен бірге болдым. Соның бірі Мұрат Нұрсейітов Қызылорда облысының тумасы. Ол да Бескөл ауылына өз қаржысына мешіт ­салдырған. Сонымен бірге, ол қажылық сапарда бірнеше рет болған. Мұраттың ерекше қайырымды мінезі бізбен бірге болған кезінде де анық байқалды. Арафат тауында, Мина жазығында болған кезімізде ол шыжыған күннің астында аптап ыстықтан қаталаған адамдарға су тасумен болды. Ал кеш түсіп, күннің қызуы саябырсыған кезде қисайып, құлағалы тұрған ағаштарды түзетіп, түбіне қағылған қазықтарға байлап, су тасып құйып, талдарға нәр берумен шұғылданды. Табиғатынан қайырымды және бір азамат жөнінде айта кеткен жөн сияқ­ты. Бұл азаматтың аты-жөні – Қуаныш­бек Әбдірахманов. Қажылық пары­зын өтеп жүрген, Қуанышбек­тің әңгіме­сі­нен байқағаным, ол елде жүр­ген кезін­де де үнемі қайырымды­лық жасау­мен шұ­ғылданады екен. Отбасымен қажылыққа келген осы сапарында да төңірегін түгел қамтып, қаражатпен қарасып жүрді. Қажылықта Мираш Тәшетов деген және бір азаматпен танысудың сәті түсті. Ол қажылыққа биыл он төртінші рет келіпті. 2010 жылғы қажылық сапарында Құдай оңдап, Қағбаның ішіне кіріп, онда 40 минут намаз оқу бақытына ие болған. Жалпы, қажылыққа келгендерге қасиетті Қағба есігі жылына екі рет айқара ашылып, жолы болған адамдар онда намаз оқу құрметіне ие болады екен. Осы жылдар ішінде Қазақстаннан қажылыққа барған адамдардың ішінен тек оншақтысына ғана Қағба ішінде намаз оқу бақыты бұйырыпты. Соның бірі осы Мираш қажы Тәшетов. Бұл да болса қажылыққа барған адамға Алладан бұйырған шапағат шығар. Жамбыл облысынан келген Хамза деген азаматтың пікірі бойынша, кезекті еңбек демалысында курорттарды аралап, шетел асып қыдырыстау еріккеннің ермегі. Нағыз демалыс – қажылық парызын өтеу. Өз басы қажылықтан күш-қуат алып, елге ерекше көңіл-күймен оралады екен. «Қажы – Алланың қонағы. Адамдар қажылыққа Алланың шақыруымен келе­ді», дейді Хамза қажы. Айта берсек, арамызда мұсылман баласына тән қайырымдылыққа, кісі ақысын жемеуге, қолдан келгенше адал болуға тырысатындардың қатары айтарлықтай екеніне мысалдарды көптеп келтіруге болады. Белгілі журналист, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай әкесі Махмұдтың тақуа адам болғанын ортаға салды. Жаз айларында малға қыстық жем-шөп дайындалатынын жұрттың бәрі білетін болар. Міне, осындай науқан кезінде кейбір шөп дайындауға келгендер бармақ бас­ты, көз қысты әрекеттерге барады. Яғни, шабылған шөпті вагонға тиеу басталған кезде неше түрлі көзбояушылықтар орын алады. Болмашы тиын-тебен төлеп, вагон­ға шөп тиелді деген өтірік анықтама алуға ұмтылатындар көбейеді. Табыс табудың осындай жеңіл жолын таңдамақ болған балаларын Махмұд қария былай деп тоқтатқан екен: «Сендер осындай оңай жолмен мал тауып, біреуді алдарсыңдар-ау, ал Құдайды қайтіп алдамақшысыңдар. Қане тоқтатыңдар мұндай бейбастақтықты!». Жалпы, аға буын өкілдерінің бо­йында кейінгі жастарға үлгі боларлық, біреудің ала жібін аттауға арланатын табиғи қасиеттер баршылық. Мәселен, белгілі мұнайшы Рахмет Өтесіновтің әкесі қарапайым шаруа адамы болған. Бір күні тіршілік қамымен базарға сиырын саудалай барған қарияға сатып алушы бір сом ақшаны артық береді. Мұны ол дер кезінде байқай алмай қалады. Ойда жоқта мойнына ілінген осы берешекті үнемі есіне алып, ақыры аларманы табылмаған соң балаларын жұмсап, бір сом ақшаны мешітке тапсыртқызған екен. Біреудің ала жібін аттамауға бейім­ді­лік адам баласына, оның ішінде мұсыл­манға тән қасиет-ау деп те қала­мын кейде. Осы қажылық сапарымда Махмұд деген пәкістандық бір жас жігітті кездестірдім. Ол қасиетті Қағбаның ауласын тазалаумен шұғылданады. Оның жұмысқа ықтияттылығын байқаған басшылары сыйақы тағайындамақ болады. Сонда Махмұд: «Маған сыйақы керек емес. Оның орнына Қағбаның жанында намаз оқуға рұқсат етсеңіздер екен», депті. Көріп отырғанымыздай, қажылық парызын өтеушілердің арасында ақ жолға, адалдыққа, қолдан келгенше жақсылық жасауға,сауап іс істеуге ұмтылу көзге ұрып тұрады. Бұл – ислам дінінің негізгі қағидасы. Өзгеге қол ұшын беру сонау пайғамбар заманынан, халифалар тұсынан келе жатқан үрдіс. Мысалы, Омар халифа болып тұрған кезде Мәдинада су тапшылығы байқалатын. Қаладағы құдық иесі яхуди. Ол халыққа суды сатып береді. Сатылатын суға көпшіліктің қолы жете бермейді. Омар яхудимен саудаласып, құдық суының жартысын сатып алып, халыққа тегін үлестіреді. Ақыры өз әрекетінен ұялған яхуди Омарға құдықты басы бүтін сатады. Қазір бұл жер құрма ағаштарын өсіретін үлкен бақ. Оның ішінде құрманың «әжуа» деп аталатын, жұртшылықтың сұранысына ие, аса сапалы түрі де бар. Ел игілігі үшін еңбек етудің үлгісі осындай-ақ болар. Қорыта айтқанда, қажылық сапардан үлкен әсермен оралдым. Діннің адамды адалдыққа, әділдікке тәрбиелейтін тегеурінді күшіне, Аллаға мінәжат еткен пенденің рухани тазарып қана қой­май, айналасындағыларға да үлгі-өнеге көрсететініне, мұның өзі қоғамның тыныш­тығына, дұрыс жолмен дамуы­на игі әсер ететініне және бір көз жеткізгендей болдым. Қашаннан бейбіт өмірге бейім қазақтың ұлы даласында ондаған нәсілдермен бірге тату-тәтті тіршілік жасап жатқан халқымыздың мерейі үстем бола беруіне Алланың шапағат етуін тіледім. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Сауд Арабиясы Корольдігі. Мекке-Мәдина.